Қоршаған ортаға және адам организміне теріс әсер ететін факторлардың бірі радиация болып табылады. Бұл бірқатар елдерде ядролық қарулардың өндірілуі, ядролық энергетиканы пайдалану және радиация қалдықтарының дұрыс сақталмауымен байланысты туындайды.
Түркістан облысында уран өндіру орындары Отырар және Созақ аудандарында орналасқан.
Уранның өзі әлсіз радиоактивті болғанымен, оны өндіру және өңдеу кезінде атмосфераға радон — жоғары радиоактивті газ бөлінеді. Әсіресе, уран өңдеуші кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің денсаулығына ыдырау өнімдерінен пайда болатын гамма-сәулелену өте зиянды.
Кенді, концентратты немесе уран қалдықтарын өңдеу кезінде сыртқы сәулеленуге де, ингаляция, жұту немесе терінің зақымдануы кезінде радиацияның ішкі әсеріне де ұшырауы мүмкін.
Радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi:
- нормалау принципi – иондаушы сәулелендiрудiң барлық көздерiнен азаматтардың сәуле алуының жеке мөлшерiнiң жол берiлетiн шегiнен асырмау;
- негiздеу принципi – иондаушы сәулелендiру көздерiн пайдалану жөнiндегi қызметтiң барлық түрiне тыйым салу, бұл орайда алынған пайда адам мен қоғам үшiн табиғи радиациялық ортаға қосымша сәуле алу келтiретiн ықтимал зиян қатерiнен аспайды;
- оңтайлыландыру принципi – иондаушы сәулелендiрудiң кез келген көзiн пайдалану кезiнде сәуле алудың жеке мөлшерi мен сәуле алатын адамдар санының экономикалық және әлеуметтiк факторларын ескере отырып, мүмкiндiгiнше төмен және қол жетерлiк деңгейде ұстау;
- авариялық оңтайлыландыру принципi – төтенше (авариялық) жағдайларда қолданылатын шаралардың нысаны, ауқымы мен ұзақтығы адам денсаулығына зиянды азайтудың нақты пайдасы араласуды жүзеге асырудан болатын залалға байланысты залалдан барынша көп болатындай етiп оңтайландырылуға тиiс.
Персоналдың радиациялық қауіпсіздігі радиациялық бақылауды ұйымдастыру, сәулелену көздерімен жұмыс істеу ережелерін білу және сақтау, жеке қорғау құралдарын пайдалану, жасы, жынысы, денсаулық жағдайы, деңгейі, алдыңғы сәулелену деңгейі және басқа да көрсеткіштері бойынша сәулелену көздерімен жұмыс істеуге рұқсат беруді шектеу, қорғаныс кедергілерінің, экрандардың және сәулелену көздерінен арақашықтығының жеткіліктілігімен, сондай-ақ сәулелену көздерімен жұмыс істеу уақытын шектеу негізгі шараларын жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.
Сәулелену көздерімен жұмыс істейтін немесе осындай жұмыстар жүргізілетін учаскелерге баратын барлық адамдар жұмыстар түріне және класына сәйкес жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.
Радиациялық ластану — қазіргі кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі. Адамның денсаулығы және оның ұрпақтарының саулығы ең бастысы қоршаған орта сапасына байланысты. Радиациялық қауіптің алдын алуда адам өмір сүретін ортаның зиянды жəне қауіпті факторларын анықтау ғана емес, сонымен қатар олардың халық денсаулығына тигізетін қауіп-қатерін бағалай білу маңызды болып табылады. Н. Нышанов Түркістан облысының СЭБД басшысы.