Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «BIR TOLQYNDA» диалог алаңының отырысы өтті. Аталмыш алаңда «Тәуелсіздік тарихы» тақырыбы кеңінен сөз болды.
Сараптамалық талқылауға Мемлекет және қоғам қайраткері Барақова Сайлаукүл Жаппарқызы, мемлекет және қоғам қайраткері, Экономика ғылымдарының кандидаты Шерімқұлов Досыбай Айтбайұлы, «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Байқонысов Ербол Рәбілұлы, «Төлем» компаниясының басқарушы директоры Исмаилов Сейдулла Кеңесбайұлы қатысты.
— «Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Биыл халқымыз үшін айрықша маңызды жыл болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Мемлекетіміздің ең басты салаларын жан-жақты жаңғырттық. Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті, — деді өз сөзінде Досыбай Айтбайұлы.
Сөз кезегін алған, мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Барақова Сайлаукүл Жаппарқызы іс-шара барысында сөйлеген сөзінде:
— «Тәуелсіздік» сөзінің өзі жанымызға жылу, бойымызға күш, қуат береді. Желтоқсанның ызғары да, қатып калған мұздары да, қазақ жастарын қорқыта алмады, қайсарлықпен бодандыққа қарсы тұрған желтоқсаншы жастарға бас иеміз! Ата-бабалардың аңсауымен, желтоқсаншы жастардың қайсарлығымен Тәуелсіздік есіктен еніп, жанымызға шаттық сыйлағалы міне 31 жыл, 31 жас. Ел жаңа, еліміз көркейіп, жеріміз жандануда, бар әлемнің назары біздің елімізде десекте артық айтпаспын, — деді.
Талқылауға қаламыздағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 100-ден аса жастар мен белсенді Рухтастар қатысты.