Елдігіміз бен жеріміздің ата-бабамыздан сақталып келе жатқан басты нышандарының бірі ол, сөзсіз, жер-су атаулары, яғни ономастика. Жер-су мен ел өмірінде маңызды тарихи атауларды жаңғырту ісі ол сол елдің тарихын, төл мәдениетін, ұлттық тек-тамырын, салт-санасы мен әдет-ғұрпын ұрпаққа насихаттаумен тығыз байланысты.
Осы мақсатта, Қаратау ауданы ашылғалы аумақтың ономастикалық ахуалына зерделеу жүргізіп, оның ішінде көше атауларын жүйелеу жұмыстары алға тартылған болатын. Бүгінге дейін, аудан әкімінің ұсынысымен моральдық тұрғыдан ескірген, орыс тіліндегі және атауы қайталанатын, атауы мүлде қойылмаған 500-ден астам көшелерге жер-су, қазақи көркем атаулар, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімі мен ел өмірінде маңызды тарихи атауларды қою жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Мәселен, олардың қатарында Арысы Алаш арыстары, берісі Шерхан, Әбіш, Сауытбек секілді тұлғалар басқарған сәулесі бар, тарихы терең, жөні бөлек, жосығы ерек басылым еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан», қазақтың рухани тірегі, ұлттың үнжариясы Қазақ радиосына 100 жыл толуына орай «Қазақ радиосы», қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген М.Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы «Абай жолы», Қазақ хандығы тарихынан сыр шерткен «Алмас қылыш» атаулары аудандағы «Бозарық» саяжайының орталық көшелеріне берілді.
Сонымен бірге, жер-су атауларын жаңғыртуда қазақ тарихының алтын алқасы саналған «Алқакөл», ел батысындағы шөлді жазық «Үстірт», Сырдария мен Әмудария өзендерінің ескі атауларының бірі «Сейхун» мен «Жейхун» атаулары ауданымыздағы «Асар» шағынауданының орталық көшелеріне берілді.
Көшелер қатарын жалғайтын «Маржан тас», «Кәусар», «Шапағат», «Құнарлы» және т.б. қазақи көркем атаулар да ауданымыздың аумағын құрайтын барлық шағынаудандарға берілді.
Қаламыздың көркін үйлестірген ауданымыздың басты даңғыл көшелеріне «Абылай хан», «Жошы хан», «Алатау батыр», «Қадырғали Жалаири», «Сабыр Рахымов», «Жолбарыс би», «Қазтуған жырау», «Үкілі Ыбырай», «Білге қаған», «Мөде қаған», «Бумын қаған» секілді халқымыздың тарихындағы тұлғалар есімдері берілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар аудан аумағында алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Аудан әкімдігі алдағы жылы ел тарихындағы және ел Тәуелсіздігі жолында өз еңбектерімен ел есінде қалған тарихи тұлғаларымыз және қазақ әдебиеті, мәдениеті, ғылымы мен спортына өлшеусіз еңбек сіңірген дарынды ел тұлғаларының есімін беруді жоспарлап отыр. Әлбетте барлық жұмыста міндетті түрде елді мекен тұрғындарының пікірі ескерілетін болады.