Түркістан облысының Бәйдібек ауданында «Айбынды жастар – жаңа Қазақстанның тірегі!» тақырыбында ерлік сабағы мен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанғалы тұрған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков, әскер қатарына жіберілетін азаматтарға Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып келулеріне тілек білдіріп естелікке жазушы, еңбек ардагері Бағдат Қалаубайдың кітабын тарту етті.
Ал Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев іс-шараның маңыздылығына тоқталып, сарбаздарға абыройлы қызмет етулерін тілеп, қорғаныс саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар үздіктерге департамент басшысының алғыс хатын табыс етті. Бәйдібек аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы подполковник Нұржан Шүкірбеков жас сарбаздарға ақ жол тіледі.
Әскерге шақырылғандар атынан сөз алған Ғаламат Ғалымұлы Отан қорғау әрбір ер азаматтың міндеті екенін айтып, әскерде жақсы қызмет етіп, елді қорғау жолында құрдастарын әскерге баруға шақырды.
Әскерге шақырушыларды ынталандыру үшін Мұхтар Әуезов атындағы мектебінің «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары автоматты уақытқа шашып, қайта жинау өнерін көрсетті.
«Айбынды жастар – жаңа Қазақстанның тірегі!» тақырыбындағы ерлік сабағы мен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанғалы тұрған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының патриоттық әндерімен аяқталды.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі