Шымкент қаласының Қоғамдық кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау жөніндегі тұрақты комиссия отырысында Қоғамдық кеңес мүшелері медицина ұйымдары басшыларының халық алдындағы есебін ұйымдастыруды ұсынды.
Осыған байланысты 2022 жылдың 28 қазан күні №1 қалалық емхана бас дәрігері Махамбет Әбдезімұлы Бейсеуов Әл-Фараби ауданының халқы алдында, емхананың 2022 жылғы 9 айында атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді
Жиналысқа Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқарма басшысы Н.Асылбеков және Шымкент қаласы Қоғамдық кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Жанысбек Өтеген қатысты.
Еске салсақ, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, №1 қалалық клиникалық ауруханасында компьютерлік томография кабинеті ашылған еді.
Мұндағы су жаңа аппараттың жеке инвестордың қолдауымен алынған және АҚШ-тан әкелінген бұл аппараттың инсульт алған науқастардың диагнозын уақытылы анықтауға мүмкіндігі зор.
Сондай-ақ, дененің барлық бөлімдері мен жүйелеріне зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Қарама-қарсы түстерді қолданып, бағдарламаның арнайы пакеттерін қосу арқылы жүрек қан тамырларының зақымдану деңгейін байқауға, сүйек тіндерінің минералды тығыздығын анықтауға жағдай жасайды.Бұндай заманауи құрылғымен қаламыздың 22 емханасы жабдықталған.Шымкент қаласының №1 қалалық емхана ауысымына 500 келушіге медициналық көмек көрсетеді. Тіркелген тұрғындар саны – 46196. Емхананың сыйымдылығы – 500 орын.2020 жылы емханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер «Қуат-құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын (473 млн 535 мың теңге) өз мерзімінде аяқтады. Күрделі жөндеуден соң емхананың тіркеу орны, дәрігерлер қабылдау, егу, күндізгі стационар, процедуралық кабинеттер және де басқа медициналық қызмет көрсету санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай, заманауи үлгіде қайта жасақталып, жұмыс жүргізуде. Пациенттерге салауатты өмір салтын насихаттау және әлеуметтік- психологиялық қолдау көрсету бағыттары да жақсарды.
Емханада күндізгі стационар жұмыс істейді. Бүгінге дейін 30 төсек-орынды күндізгі стационарда 924 науқас ем қабылдап, сауығып шықты. Қажетті дәрі-дәрмекпен толығымен қамтамасыз етілген.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, мекеме электронды жүйеге көшіп, жаңа бағыттарды енгізуде. Атап айтқанда, емханада КМИС (кешенді медициналық ақпараттық жүйе) порталы, электрондық тіркеу орны іске қосылды. Пациенттерді «Медициналық күнделік» арқылы қабылдауға жазу жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, емханада құрамында дәрігерлер, орта буынды қызметкерлер, әлеуметтік қызметкерлер бар 9 мобильді топ құрылған. Бұл ретте дене қызуы көтерілген науқастарды бақылау, тағайындаулар беру, пульсоксиметрмен сатурациясын өлшеу, рентгенография және КТ-ға жіберу, сонымен қатар, онлайн тұрғындарға кеңес беру, жеке салалы мамандармен онлайн кеңес ұйымдастыру, диспансерлық бақылауда тұратын созылмалы аурулары бар азаматтарға тегін дәрі-дәрмек жеткізу жұмыстары жүргізілуде.