Шымкентте жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету саласы бойынша Қоғамдық қабылдау өтті. Тиісті сала басшылары жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек алу бойынша азаматтардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Аталған салаларға қатысты тұрғындардың проблемасын шешу жолын айтты.
Қоғамдық қабылдауды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырды. Онда Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармаларының басшылары тұрғындарды қабылдады. Сонымен бірге Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы мен Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры да азаматтарға құқықтық кеңес берді.
Қоғамдық қабылдауға азаматтар түрлі мәселе бойынша келді. Атап айтсақ, жұмысқа орналасу, бизнес идеяларды жүзеге асыруға берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттың берілуі туралы сала мамандарына сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, денсаулығына байланысты мүгедекті ауырлату мен атаулы әлеуметтік көмек алуда туындайтын негізгі мәселелер көтерілді. Шымкент тұрғыны Нұржамал Жұмақұлова сұрағына жауап тауып, қымбатшылыққа байланысты сала өкіліне ұсынысын да жеткізді.
Шымкентте «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» бойынша биыл 33 500 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жұмыспен қамту орталығының дерегінше, бүгінде жоспар 97 процент орындалған. Яғни 32 589 азамат жұмысқа орналасқан. Жалпы «Адал көмек» жобасы аясында айына 2 рет тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында түрлі мемлекеттік қызмет алуға қатысты кеңес беріледі. Өмірлік маңызды мәселелерді шешу үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына ақпараттық көмек көрсетіледі.