Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 25-қазан – Республика күніне орай «Жаңа Қазақстанның тірегі — жалынды жастар» атты жастар форумы өтті.
Жиынға стратегиялық даму және тәрбие істері жөніндегі проректор Баршагүл Исабек модераторлық етті. Аталған іс-шара мерекенің тарихымен таныстыра отырып жастарды белсенді өмір сүруге, елге қызмет ету мен патриоттық сананы кеңейтуді көздейді. Кездесу барысында университеттің тәрбие істері және жастар саясаты департаментінің басшысы Қайрат Анарбаев «Республика күнінің тарихи мәні» тақырыбында баяндама оқыды. Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов «Жаңа Қазақстандағы жастардың рөлі» жайлы баяндады.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру ісінде өскелең ұрпақ айрықша орын алады. Тең мүмкіндік, әділдік, ашықтық ұғымдары ең алдымен жас буынның кедергісіз келешегін қалыптастыруға негізделген.Өз кезегінде жас азаматтар жасөспірімдер спортын дамыту, ЖОО-да өндірістік тәжірибені жетілдіру, жас кәсіпкерлерді қолдау және тағы да басқа мәселелер жөнінде сұрақ қойып, ұсынысын білдірді.
Жастарымыз қай жарыстарда да маңдайы жарқырап көш басында келеді. Додаға түссе дес бермейді. Бауыр-қарындастарымыз ақыл-ойының, тау қопарар талабының арқасында дүниежүзіндегі ең беделді жоғары оқу орындарда білім алып жатыр. Міне, бүгінгі жастарымыз осындай. Ал жас буын жемісті жетістіктерге жетуге үшін нақты іске, идеяға табан тіреуге тиіс. Мұндай жүздесулер ойласу, пікір бөлісу үшін қажет,- дейді форум ұйымдастырушылары.
Сонымен қатар, «Менің арманымдағы Қазақстан» эссе байқауының жеңімпаздары мен «Үздік Магистрант» байқауының жеңімпаздарын марапатталды. Форум қонақтары өнерлі студенттердің концерттік қойылымын тамашалап, патриоттық әндер тыңдады.