Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғындары 25 қазан – Республика күнін тойлады. Аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов тұрғындарды Ұлттық мерекемен құттықтап, айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.
–Республика күні – елдің мемлекет кұру жолындағы тарихи қадамының символы. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, айтулы датаны баршамыз қуана тойлап жатырмыз. Ал, Тәуелсіздік күнінің алғашқы мәні сақталып, мемлекеттік мереке болып қала бермек. Құрметті аудан тұрғындары, сіздерді еліміздің бостандық алған күні – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!- деді Рақымберді Жанысбекұлы.
Одан кейін, ауданның экономикалық дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан 10-ға жуық азаматқа алғыс хат табысталды. Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен жырдан шашу шашылды.
Айта кетсек, мереке аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай Ақордада бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды. Президент, ең алдымен, салтанатты шараға жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.
– Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары мен зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасында айқын көрінді. Егемендік декларациясын халқымыздың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады.
– Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам, – деді Президент.