Бүгін Тұран шағынауданындағы «New city» тұрғын үй кешені ауласында жаңадан ашылған балалар алаңшасы 25 қазан – Республика күніне тарту етілді.
Балалар алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтады.
–Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бүгін 25 қазан – Республика күні қарсаңында 9/3, 9/4, 9/6, 9/7 үйлердің ауласында жаңа балалар ойын және спорт алаңшасы қолданысқа беріліп отыр. Жалпы, биылдың өзінде 51 ойын және спорт алаңын салу жоспарланған болатын. Оның 41-і ойын алаңы. Мұның барлығы бүлдіршіндеріміздің игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер. Барша аудан тұрғындарын Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді аудан әкімі.
Жаңадан ашылған алаңшада демалуға арналған бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері орнатылған. Ал, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға да мүмкіндік бар. Жаттығуға арналған спорт тренажерлері салаутты өмір салтын ұстанушыларға сеп болмақ. Орнатылған ойын және спорт элементтерінің барлығы Шымкенттегі кәсіпорында өндірілген отандық өнім. Мердігер компания екі жылға кепілдік мерзім беріп отыр.
Биылғы жылы Қаратау ауданы бойынша 41 ойын алаңшасы салынады деп жоспарлануда. Одан бөлек, 10 спорт алаңшасы бой көтеріп, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасалмақ. Қаратау ауданы бойынша 554 көпқабатты үй бар. Олар 192 аулаға біріктірілген. Биыл оның 41 ауласына ойын алаңшасын орнату көзделсе, бүгінде 80 пайызының құрылысы аяқталып, шетінен пайдалануға берілуде. Құрылыс жұмысы аяқталған аулаларға балалар алаңшалары, демалуға арналған бастырма (беседка), орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері орнатылған. Сонымен қатар, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндіктерде қарастырылған. Алаңшалардағы ойын құрылғыларының бәрі де отандық өнім, деген мердігер компания басшы 2 жыл кепілдік мерзім беріп отыр.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдарға Қаратау ауданы әкімі аппаратының «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша бюджет ережесі мен сараптамалық кеңесінің құрамы қайта бекітілген. Жоба басталғаны жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары тұрақты атқарылуда.