Қылмыс – бұл құқық бұзушылықтың бір түрі. Қылмыс басқа құқық бұзушылықтардан, оның қылмыстық заңмен белгіленетіндігі мен оны жасағанда қылмыстық жауаптылықтылықтың болуымен ерекшеленеді. Криминологияда және құқықтық статистикада қылмыс үшін қылмыстық жазалау қарастырылған, іс жүзінде жасалған барлық құқыққа қарсы әрекеттердің жиынтығы бар.
Айыптылық түріне қарай қасақана жасалған және абайсызда жасалған қылмыс болады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (әрі-қарай – ҚР ҚК) көзделген іс-әрекеттің сипатына және қоғамдық қауіптілік деңгейіне қарай жеңіл қылмыстарға (2 жылдан аспайтын), ауырлығы орташа (2-5 жыл), ауыр қылмыстар (5-10 жыл), ерекше ауыр қылмыс (10 жылдан – бас бостандығын айыруына дейін) болып бөлінеді.
Жазалардың орындалу тәртібіне қарай қылмыс, әскери қылмыс түрлеріне ажыратылады.
Қылмысы үшін айыпты адам лауазымды тұлға болса, ол жасаған қоғамдық қауіпті әрекет оның қызмет жағдайымен байланысты болса, оны лауазымдық қылмыстар дейді. Олар: пара беру, пара алу, қызмет бабын пайдаланып жалған құжат жасау.
Сонымен қатар, қылмыстық заңда қылмыстың жалпы түсінігі берілген, сондай-ақ Ерекше бөлімде нақты қылмыстар жеке-жеке көрсетілген.
Қылмыстық заң қылмыс құрамы деген ұғымды аша алмайды. Бұл ұғымды қылмыстық құқық теориясы ғана береді.
Қылмыстың құрамы деп – қылмыс заң бойынша қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді белгілі бір қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарынан құралған элементтердің және олардың белгілерінің жиынтығын айтамыз. Осы белгілердің қосымша жүйелерінің ең болмағанда біреуінің жоқ болуы жүйенің болмауына, яғни қылмыс құрамының тұтастай жоқ болуына әкеа соғады. Бұл жерде қылмыс құрамының элементтері деп қылмыс құрамы жүйелерін құрайтын бастапқы компоненттері айтылады.
Қылмыс құрамы белгілеріне қарай мынадай 4 түрлі элементтер жатады: объект, объективті жағы, субъект, субъективтік жағдайы. Мәселен, бөтен мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру қылмысы (ҚР ҚК 188-бабы) белгілері болып біріншіден, басқа біреудің мүлкіне қол сұғу, екіншіден, осы мүлікті жою немесе бүлдіру, үшіншіден осы әрекетті қасақана істеу, төртіншіден, бұл іс-әрекет ауырлататын жағдайда жасалса ол үшін 14-ке толған адам жауаптылыққа тартылады. Осы көрсетілген төрт белгінің біреу жоқ болса, онда бұл қылмыс құрамы болмайды.
Егер адам бөтен адамның мүлкін абайсызда бүлдірсе немесе жойса онда кінәлінің әрекетінде басқа бір қылмыс құрамы болады. Себебі, бұл жерде 188-бапта көрсетілген қылмыстың басты белгісі қылмысты қасақаналықпен істеу жоқ.
Әрбір қылмыс құрамының белгілері Ерекше бөлімдегі баптардың диспозициясында ғана еме, қылмыстық заңның көптеген белгілері аталып көрсетілген.
Ал барлық қылмыстарға жалпылама ортақ немесе нақты қылмыс топтарына тән белгілер Жалпы бөлімнің баптарында белгіленген.
Қылмысқа тосқауыл қоюдың жолы – бұл жаза.
Қай мемлекет болмасы ол қылмысқа қарсы күрес жүргізуде әртүрлі әлеуметтік, ұйымдастырушылық, экономикалық, тәрбиелік, рухани шаралардың барлық түрін кеңінен қолдануға тырысады. Қылмыстық-құқықтық нормалардың бұзылмауын мемлекет мәжбүрлеу арқылы жүзеге асырады. Өйткені, басқа құқықтық нормаларға қарағанда қылмыстық құқытағы тыйым салынған нормалар жиірек бұзылады және мемлекет, қоғам мүддесіне немесе жеке азаматтардың мүддесіне тигізетін залалы басқа құқық салаларының бұзылуына қарағанда анағұрлым мол.
Қылмыстық жаза мәселесі қылмыстық құқық теориясында ерекше орын алады, себебі ол қылмыстылықпен күресу шараларының жүйесіндегі ең ауыр да қажетті шаралардың бірі болып табылады.
Жаза адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын,заңды мүдделерін, адамзаттың қауіпсіздігі мен бейбітшілікті, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған. Оның мақсаты – жаза тағайындау, оны қолдану және іске асыру арқылы мемлекет қол жеткізуге ұмтылатын әлеуметтік нәтиже.
Жазаның ұғым мен мақсаттары ҚР ҚК 39-бабында көрсетілген. Ал оның белгілері 40-бапта айқындалған. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
2-1) қоғамдық жұмыстарға тарту;
3) бас бостандығын шектеу;
4) бас бостандығынан айыру қолданылуы мүмкін.
Жаза – мемлекет қолындағы маңызды құралы. Ол қылмыстық жауаптылықты жүзеге асырудың басты формасы және қылмыстылықтың алдын алу шараларының бірі болып табылады.
Абдрахманов С.С.
Шымкент гарнизонының
әскери прокуроры
әділет майоры