Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 18 қазан — Рухани келісім күніне орай діни бірлестік жетекшілерімен кездесті. Кездесуге ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының бірінші орынбасары Мұсабек Ақтамберді, православ шіркеуі Шымкент епархиясының хатшысы, архимандрит Вениамин, «Сәби Исаның әулие Терезасы» католик шіркеуінің приходы Эстебан Мария Курутчет және өзге де жергілікті діни бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
—Конфессияаралық келісім мен татулық — Қазақстан қоғамының ең маңызды құндылықтарының бірі. Елімізде азаматтардың өз дінін еркін ұстануына қолайлы жағдай жасалған. Мемлекет діни наным-сенім бостандығына кепілдік береді. Рухани келісім күні — осынау татулық пен тұрақтылықтың нышанындай болған мереке, — деген Мұрат Дүйсенбекұлы кез келген дін адамзатты ізгілік пен мейірімге, өзара құрметке шақыратынын атап өтті.
Еліміздің бүгінгі қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – қазіргі қазақ қоғамындағы ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық. Рухани келісім бүгін әлемнің көптеген елі үшін басты міндетке айналған. Қазақстанның ұлттық бірлікке негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолында күрделі кезеңнен өтуге жәрдемдесіп, әлі де ел дамуында үлкен рөл атқарып отыр.
«Тәуелсіздік – бағасы қымбат бақ деген пікір баршамызға белгілі. Ал мен өз кезегімде рухани келісімнің де баға жетпес құндылық екенін айтар едім. Бұл – қоғамдағы әрбір адамның күнделікті тынымсыз еңбегінің жемісі. Азаматтық қоғам мен ұлтаралық келісімді ту еткен тәуелсіз Қазақстанның үлгісі халықаралық қауымдастық тарапынан да талай рет өз бағасын алды,- деді жиынға қатысушылар.
Кездесуде діни бірлестік жетекшілері мерекелік лебіздерін айтты. Қала әкімі барлық дін қызметкерлерін арнайы Алғыс хатпен марапаттады.