Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға» атты шығармашылық ән кеші өтті. Көпке Шәмшітанушы ретінде танылған сазгердің есеп беру кешінде танымал әндер орындалды. Мәдени шарада қонақтар кеш кейіпкеріне шығармашылық табыс тілеп, сый-сыяпат табыстады.
«Ән ағасын» көңілмен сезіп, жүрекпен тебіренте жырлаған Қалдыбек Құрманәлінің бұл кезекті ән кешін Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырды. Арнайы кешке Тұңғышбай Жаманқұлов, Шакизада, Хадиша Шалабаева, Заттыбек Көпбосынов, Шаба Әденқұлқызы, Нұржан Жүсіпбеков, Ералхан Әбішев сынды елімізге танымал жұлдыздар келіп, ән шырқады.
Кешке келген ән сүйер қауым шырқалған әрбір әнге қосылып, ду қол шапалақ соғып, алғыстарын білдіріп отырды. Ал Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы қала әкімінің атынан алғысын білдірі, шапан жапты.
Өнер сүйер қауым дарынды сазгердің «Қариялар азайып бара жатыр», «Кiрмешi жиi түсiме», «Қиялдағы қалқа», «Ән-аға немесе Шәмшiмен сырласу», «Жайықтың толқындары» және басқа да тамаша әндерін сүйсіне тыңдап, қошеметпен қол соқты. Бұл күні кейбір кештердегідей даңғұр-дұңғыр әуенге жер тепкілеген әртістер болған жоқ. Ұлттық бояуы мол концерт болды. Әрбір көрермен ән кешінен рухани байып, жаны тынығып, көңілі өсіп отырды.
«Қазақтың әрбір ақжаулықты анасы Шәмші әндерімен бесігін тербетті» десек, артық айтқандық емес. Шәмші ағамыздың әндері анамыздың әлдиіндей менің де құлағыма сіңісті болды. Шәмші Қалдаяқовпен көзі тірісінде кездескен адамның бірімін. 1990 жылы «Қазақконцертте» композитордың тұңғыш ән кешін өткізуге білек сыбанып кірісіп жатқанымда, Шәкең: «Қалдыбек, менің алпыс жылдығымды өткізуді Мәдениет министрлігі өзінің мойнына алып жатыр, сен ренжіме!» – деп, маған шақыру билеттерін берді.
Сөйтіп, ағамыздың ән кешіне қонақ ретінде қатыстым. Ол кезде мен де көшеде жүрген бала емес едім, Жазушылар Одағының жанынан құрылған жастардың «Жұлдыздар» атты әдеби-өнер бірлестігінің төрағасы болатынмын. Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов сынды танымал ақындардың шығармашылық кештерін ұйымдастырып, біраз төселіп қалғанмын. Шәмші ағам: «Қалдыбек, аман болсаң, әлі менің талай кешімді өзің өткізесің ғой» – деген еді. Өкінішке орай, маған Шәкеңнің көзі тірі кезіндегі кештерін өткізу бақыты бұйырмады,- деді ән кеш ұйымдастырушысы.
Кеш қонақтары Қалдыбек Құрманәлі жайында ой – пікірлерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.