Атырау қаласында алғаш рет қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Атырау қаласында өткен қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатынан жерлестер жеңіспен оралды. Ересектер арасында өткен байрақты бәсекеде 82 келі салмақ дәрежесінде күрескен Нұрдаулет Бақтыбайұлы қола жүлдені иеленсе, 74 келі салмақ дәрежесінде белдескен Жұмажан Қожамбеков ел чемпионы атанды. Спортшыларды жанкүйерлері асқан құрметпен қарсы алды.
Қазақ күресінен өткен ел чемпионатында республиканың түкпір түкпірінен келген кіл мықтылар кім мықтыны анықтады. 72 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жұмажан Қожамбеков қарсылас шақ келтірмеді. Ақтық мәреде жерлесіміз Түркістан төрінен келген палуанды жығып, айқын жеңіске қол жеткізді. Алтыннан алқа таққан Жұмажан мұнымен тоқтамай алдағы уақытта өтетін әлем чемпионатына дайындыққа кірісетінін айтты.
Байрақты бәсекеге спортшыларды дайындаған бапкердің де қуанышында шек жоқ. Тыңғылықты дайындықтың арқасында спортшылардың асығы алшасынан түскенін айтады.
Ал, дүбірлі додада қола жүлдені қанжығасына байлаған Нұрдаулет Бақтыбайұлы жартылай финалда Елорданың палуанына есе жіберген. Алдағы уақытта бұдан да жоғары көрсеткішпен келемін деген күресші құшақ жая қарсы алған жанкүйерлерге алғысын айтты.
Қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен «Qazaq kuresi» ассоциациясының, Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
Жарысқа еліміздің 17 облысы пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 700-ден астам балуан қатысуда. Байрақты бәсекеде ерлер арасында 55-100 келі және одан жоғары, ал әйелдер арасында 48-77 келі мен одан жоғары салмақ дәрежесінде мықтылар анықталады.
Айта кету керек, Атырау қаласында қазанның 9-12 аралығында өткен чемпионатта екі палуанда спорт шебері атағын орындап, әлем чемпионатына жолдама алды.