Бүгін Шымкент қаласы бойынша Ұлттық жоба шеңберіндегі 400 АЕК мөлшеріндегі қайтарымсыз гранттар алудың төртінші легінің комиссия отырысы басталды. Жаңа бизнес жоба ұсынушылар санының көптігіне байланысты ( 5449) алғаш рет комиссия отырысы 4 орында өтіп жатыр.
Ұсынылған жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығы (ірі және ұсақ), үй құстарын сатып алу және жеке кәсіп ашу, сән салоны, тігін шеберханасы, автокөліктерді техникалық жөндеуге байланысты.
Айта кетейік, өтінім беріп жобаларын арнайы комиссия алдында қорғап шыққан үміткерлердің нәтижелері «Business.enbek.kz» порталындағы жеке кабинеттеріне хабарлама ретінде жолданады.
Елімізде кәсіпкерлік бағытты қолдауға үлкен көңіл бөлінуде. Шағын және орта бизнесті ілгерілетуде Үкімет бекіткен бағдарламаның шарапаты мол. Бұл ретте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бағыты айқын. Комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларын меңгеру деңгейіне, бизнес-жобаның қаржылық мүмкіншілігіне, жаңа жұмыс орындарын құру сынды критерийлерге басымдық берді.
Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант мөлшері – 400 АЕК. Бұл – 1 225 200 теңгені құрайды. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдалынылады. Ал, жалпы жыл соңына дейін 1150 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған. Алайда, бұл гранттың иегері атануыңыз үшін «Бастау Бизнес» жобасы аясында қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, арнайы сертификат алуыңыз керек. Содан кейін өзіңіздің электронды цифрлық қолтаңбаңыз арқылы арнайы порталда өтінім беріп, конкурсқа қатыса аласыз.