Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттың үшінші легі бойынша комиссия отырысы аяқталды. Комиссия құрамында тәуелсіз сарапшылар ретінде түрлі сала өкілдері мүше болды. Жалпы 610 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
I кезең – 225;
II кезең -173;
ІII кезең-212 адам.
Биыл Шымкент қаласында өз ісін бастағысы келетін азаматтарға 1 150 қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Оның көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке тең. Яғни, грант иегері атанған азаматқа 1 225 200 теңге беріледі. Алайда, бұл гранттың иегері атануыңыз үшін «Бастау Бизнес» жобасы аясында қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, арнайы сертификат алуыңыз керек. Содан кейін өзіңіздің электронды цифрлық қолтаңбаңыз арқылы арнайы порталда өтінім беріп, конкурсқа қатыса аласыз.
Сондай-ақ үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
–еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
– қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
–өңіраралық қоныс аударушылар
–атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
– асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
– жастар (29 жасқа дейін).
Комиссия отырысында өз идеяңыз бен бизнес жоспарыңызды қорғап шыққан соң, жеңімпаз атансаңыз ғана грантқа қол жеткізесіз.
Ал қазан айның бірінші аптасында қайтарымсыз гранттың төртінші легі бойынша комиссия отырысы басталды.
Айта кетсек, былтыр 784 азаматқа қайтарымсыз грант берілді. Түрлі саланың дамуына үлес қосып жүрген жандардың саны биыл одан екі есеге артады. Грантқа бөлінген қаражат та 200 АЕК көлемінен 400 АЕК-ке ұлғайды. Сонымен қатар өткен жылы Шымкентте «Еңбек» бағдарламасы арқылы 35 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Бірі төл бизнесін ашса, екіншісі тұрақты жұмысқа орналасқан.