Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек аудан аумағында ІІ-ші кезеңмен іске асырылып жатқан абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Ағымдағы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында І-ші кезеңмен 52 көпқабатты үй аулаларында абаттандыру және жеке тұрғын үйлер секторында 6 ойын алаңша құру жұмыстары аяқталу сатысында тұр.
Сонымен қатар, ІІ-ші кезеңмен 21 көпқабатты үй ауларын абаттандыру және жұмыстары басталды. Жыл қорытындысымен жеке секторда 6 балалар ойын алаңшасы және 73 көпқабатты үйласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады. Одан бөлек, тозығы жеткен 5 спорт алаңшасын қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар аудан әкімі абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания басшылығымен де кездесті. Ол сала жауаптыларына атқарылып жатқан тірлік тындырымды, сапалы болу керек деп ескертті. Өйткені ауласы көрікті аумақтың тұрғындарының көңілінен шығу керек. Әрі қауіпсіздік ережесі жіті сақталу тиіс деп ескертті.
Айта кетсек, қала бойынша ауланы абаттандыру жұмысы қарқын алған. «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында аулалар абаттандырылып, жаңа спорт және балалар алаңшалары салынып жатыр. Иә, халық қатысатын бюджет азаматтардың жергілікті бюджет қаражатының бір бөлігін бөлу мен жұмсауға қатысуына мүмкіндік беретін жоба. Яғни, бір азамат ұсынып, тұрғындардың көпшілігі қолдау білдірген жобалар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Осылайша азаматтар өздері тұратын аумақтарды дамыту мен абаттандыруға қатысады. Жобаны жүзеге асыру үшін Шымкент қаласында арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, ол төрт ауданның әкімдіктері арқылы орындалуда. Осы мақсатта арнайы интернет ресурсы да іске қосылған. Есте болса, бұл бағдарлама іске қосылғалы Шымкент қаласы бойынша алғаш Еңбекші ауданы бойынша жүргізіліп бастаған еді. Шымкент қаласы үшін көпқабатты үй аулаларын көріктендіру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болғандықтан, шаһар әкімі өзге үш ауданға да осындай бағдарлама арқылы жұмыс жасауға тапсырма берген болатын. Қазір қала бойынша жұмыс нәтиже беруде. Бағдарлама төрт ауданда да толығымен іске асырылып аяқталған соң, қаладағы спорт және балалар алаңшаларына жауапты мекеме анықталады.