Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№5 «Аялы алақан» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Ерекше жандар күніне» орай қызмет алушыларға арналған “МЕЙІРІМ-ШАПАҒАТ” атты мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараға арнайы қатысқан орталықтың басшысы Бекболат Салтаев, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек және «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов қызмет алушылар мен қызметкерлерді «10 қазан — Қазақстан кәсіподақтары күні» және «Әлеуметтік қызметкерлер күні» мерекелерімен құттықтап, белсенді жұмыс жасаған кәсіподақ мүшелеріне кәсіподақтардың марапаттарын табыстады.
Атап айтқанда, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Балабекова Әсел Маратқызы, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Құрмет грамотасымен» дәрігер Пердеев Жандос Тұрлыбекұлы, медбике Телікбаева Айнұр Сейдахасанқызы, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Ағыс хатымен» тәрбиеші Енжанова Мафруза Мыңбайқызы, дефектолог Оразбаева Манат Төреханқызы, еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы Үсенбаева Әлима Жуасбекқызы, логопед Абдуқалықова Айгерім Мұхамеджанқызы, палаталық санитар Бекишев Үсен Тоғызбайұлы, санитар Қансейітова Майра Әбдіғаниқызы, бақшашы Чункабаев Шерполат Өмірқұлұлы марапатталды.
Өткізілген іс-шараның концерттік бағдарламасын ұйымдастыруға Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Мәдениет бөлімі демеушілік жасап, өнерпаз студенттері керемет бұлбұлдай дауыстарымен ән шырқап, «Тұмар» би ансамблінің әсем де сұлу биші қыздарының тал шыбықтай иіліп, мың бұралған билерін тамашалап, қатысушылардың бойларында қуаныш сезімдерін ұялатып, көңілдерін көкке көтерді.