Шымкентте экологиялық акция өтуде. “Табиғатта қоқысқа жол жоқ” экологиялық акциясы шеңберінде Еңбекші ауданы әкімінің аппарат қызметкерлері тұрғындармен, аудандағы белсенді жастармен бірлесе “Фосфоршылар” мәдениет сарайының аумағындағы ағаштарға санитарлық қырқу, ағаш бұталарын алу және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп сенбілік өткізді.
Сенбіліктің мақсаты – жанашыр тұрғындармен бірлесе қала аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру.Сенбілікке қатысушылар қаланың барлық аумағында, саябақтар мен гүлзарларды, аула және көшелерді, арық-атыздарды қоқыстан тазартуда.
Сенбілікте әр мекеме өзіне жүктелген аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, барлық қоқыс қала сыртына шығарылады. Еңбекші ауданы бойынша сенбілікке шыққан 5 мыңнан астам азаматтың 500 жуығы белсенді жастар. Сонымен қатар сенбілікте 30 көше, 8 шақырымнан астам аяқжол, ирригациялық жүйелер тазартылып, 17 техника жұмылдырылды.
Жалпы сенбіліктер барысында тек аудан орталығына ғана емес шет жақтарына да ерекше назар аударылатын болады. Көпқабатты үйлердің аулалары мен жеке сектор аудандары да санитарлық-экологиялық іс-шаралардан шет қалмайды.
Айта кетсек, Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасы бойынша мегополисте санитарлық тазалау жұмыстары күшейтіліп, төрт аудан аумағында тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келді. Бүгінде тазалық жұмыстары кезеңінде, Еңбекші ауданы аумағында орталық көшелердің ирригациялық арықтары мен көше бойларын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудан аумағындағы тазалық жұмыстары аудан әкімі аппаратының толық бақылауында болады.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүргізіліп, әкімшіліктің назарында болатынын хабарлаймыз,-дейді аудандық әкімшілік өкілдері.