Шымкент қаласындағы көркем гимнастика кешенінде, ересектер және жастар арасында ел чемпионатының жалауы көтерілді. Жарысқа еліміздің 15 өңірінен 400-ге тарта спортшы қатысуда.
Көркем гимнастикадан ұлттық құрама спортшыларының негізі Шымқаладан екені белгілі. Өйткені мұнда әлемдік деңгейдегі спорт кешені бар. Кезінде Қазақстанның атын әлемдік ареналарға шығарып, туымызды желбіреткен Әлия — көркем гимнастикадан ұлттық құрама команданың аға жаттықтырушысы. Бүгінде ол соңынан ерген сіңлілерінің аяқ алысын байқап, оларды спорттың осы түріне баулып жүр. Атақты жерлесі Әлия Юсуповаға еліктеген шымкенттік жасөспірімдердің арманына қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар.
Еліміздің көркем гимнастикасын әлемге танытқан Әлиядан тәлім алуға ниет білдірушілердің саны күн санап өсіп келеді. Көркем гимнастика мектебінде лайықты мамандар шоғырланған. Ел чемпионатының ашылу рәсімін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов құттықтау сөзімен ашып, өңір спортшыларының әлемдік додаларда дес бермей келе жатқандығын айтты. Ал қала спортының басшысы Бауыржан Тұманбаев басты мақсат олимпиада ойындарының медалі екендігін атап өтті. Ел чемпионатына қадірлі қонақ ретінде қатысушы өнер қайраткері, опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы жерлестерімізге жеңіс тіледі.Көп жылдар шет елде қызмет жасап келген өнер иесі Алия Юсупованы шеберлігіне қайран болғанын айтты.
Көркем гимнастика – спорттың ең сұлу түрі. Сондықтан да болар, соңғы кезде спорттың осы түріне деген қызығушылық та артып отыр. Гимнастика әдемі спорт түрі болғанымен, күн сайын шаршамай-талмай еңбектенуді қажет етеді. Əр жаттықтырушы әр баладан чемпион көргісі келеді. Қазір олар тепе-теңдікті сақтау, иілу, қиын да күрделі элементтерді үйренуде . Болашақ чемпиондар алдарына мақсат қойып, шеберлігін шыңдай беретіні сөзсіз», — дейді жаттықтырушылар. Спортшыларды патриоттыққа баулып, оларды жігерлендіріп отыратын бірден-бір маман – ол бапкер.
Жарыс барысында даңқты гимнастшы Әлия Юсупова басқаратын Шымкент қалалық көркем гимнастика мектебінің шеберлері жоғары ұпайға ие болды. Құрама сапында Милана Парфилова, Баян Қойбағар топ басында келеді. Алаң иелерімен қатар Астана, Павлодар қаласының гимнасшылары бас жүлдеден үміткер екенін дәлелдеді. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!