Шымкент қаласындағы «Park Hotel al Buston» қонақ үйінде Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен «Бақытты отбасы-бақытты жан» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингке психолог Айсұлу Тұрсынбаева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ботабек Имашов, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзақова және әлеуметтанушы, психолог мамандар және жастар қатысты.
Отбасындағы құндылықтарды, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметін сақтап қалу маңызды. Осы аталған мәселелерді отбасында қалай сақтап, бақытты жанұя атануға болады деген сұраққа жауап бере отырып, отбасындағы қиындықтарды шешуге болады. Отбасындағы әр адамның рөлі бар. Қазіргі таңда көп отбасылардан байқалатыны — әр адамның жанұядағы рөлінің өз деңгейінде атқарылмауы кикілжіндердің туындауына себеп болады. Сондықтан әркім өз рөлін сақтап, балаға бала сияқты дамуына мүмкіндік беру қажет. Отбасында болатын қарама-қайшылықтарды, кикілжіңдерді шешуге осындай семинар-тренингтер арқылы барынша өз үлесімізді қосамыз,-деді психолог А. Тұрсынбаева.
Отбасы — жеке адамның ар-ұятын сақтауға, ақыл-ойын дамытуға, адамгершілікке тәрбиелеуге жол бастайтын алғашқы қадам. «Отан — отбасынан басталады» демекші отбасылық мәселелерге бей-жай қарамастан ұлттық құндылықтарды арттыру мәселесі төңірегінде С. Байзақова біраз мәліметтер келтірді.