Иригациялық жүйелердің жүргізілуі Шымкент халқы үшін маңызы зор. Су басу қаупі бар нүктелердің басым бөлігі әсіресе мегаполиске жаңадан қосылған елдімекендер екендігін айта кеткен жөн. Себебі онда ирригациялық арықтар осыған дейін мүлде қарастырылмаған. Әбден зерделенген жұмыстың нәтижесінде Еңбекші аудан аумағына қарайтын Маятас тұрғын алабындағы Қ.Нысанбайұлы көшесі бойына ирригациялық науалар орнатылуда.Ирригацияның болмауы, ескіруі немесе кезінде жекеменшікке өтумен бірге жойылған бұл жүйедегі кемшіліктердің салдарын, көктем мен күз маусымдарында қала тұрғындары көруде. Бұл жүйедегі жетіспеушілік пен олқылықтар ескеріле отырып, шешім жолдарын қарастыру мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айында шаһар басшысының бастамасымен құрылған жұмысшы топтың кезекті отырысы өткен болатын. Онда ирригациялық жүйені қажет ететін 150 нүктенің әрбірі зерделеніп, жан-жақты шешу жолдары баяндалған еді.Жалпы Еңбекші ауданы бойынша Тоғыс, Маятас, Бадам-1 тұрғын алаптары мен Шаңырақ шағын ауданында 1,6 шақырымды құрайтын арықтар қазылуда. Екі ай бұрын басталған жұмыс қазан айында аяқталады.
Құрылыс жұмыстарының сапасы мен ауқымын межелеген қала әкімі бұған дейін берген тапсырмаларының тиянақты орындалуын талап етті. Ол: “Ауа райының қандай болатынын болжап біле алмаймыз және мол жауын-шашын жауғанда дайын болу үшін аумақтағы арыз-атыздар салынып бітуі керек”,-деді.
Айтып өтейік, былтыр Еңбекші аудан аумағында 13 мекенжайда 3,3 шқ ирригациялық арықтар орнатылды. Ал биыл жауын-шашын шамадан тыс жауып, 52 мекенжайда су көлдеген. Су басуды алдын-алу үшін бірінші кезекте 7,3 шқ құрайтын 21 нысанға ирригациялық жүйелер салу жоспарланды. Қазірге дейін 14 мекенжайда жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болатын арықтар орнатылып, бітуге жақын. Олар: Қарабастау тұрғын алабы, Бойыт ата, Қаратөбе тұрғын алабы, Гулабад, Қаратөбе тұрғын алабы, Наурыз, Тоғыс тұрғын алабы, Керуенсарай, Бадам-1 тұрғын алабы, Досметов, Ш.Уалиханов №190, Қызғалдақ, Теріскей №47, Сайрам №38а, Өркен, Б.Момышұлы, Саяжол. Қалған 31 мекенжайға ирригациялық жүйелер 2023-2025 жылдар аралығында жүргізіледі.
Еліміздің инфрақұрылымдық дамуы ең маңызды басымдық болып табылады, оны Шымкент қаласының басшылығы шаһар дамуында маңызды мақсат ретінде белгіледі. Инфрақұрылымдық шектеулер еліміздің экономикасының дамуы тұрғысынан негізгі шектеулер екенін түсіну қиын емес. Инфрақұрылымсыз кеңістіктік даму мүмкін емес нәрсе.