Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті. Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған ақпараттарға сәйкес, жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысын жүргізу жоспарланған. Қалада техникалық тексеру нәтижелері бойынша тозығы жеткен 107 тұрғын үй анықталған. Аталған тұрғын үйлерді реновация бағдарламасына енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асыру жайы қолға алынуда.
Бүгінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталығында 9 қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары қарқын алған.
Бұған дейін № 9,10,11,12 тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде аяқталмағаны үшін әкімдік тарапынан жауапты мердігер мекемелерге ескертулер беріліп, айыппұл салынған болатын. Бүгінде олқылықтық орны толтырылып, жұмыстар аяқталуға жақын.
Қала басшысы аталған орталықтағы бірнеше нысанда құрылыс барысын тексеріп, оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 9 қабатты No 13,14,15,16 тұрғын үйлер құрылысы мен аталған аймақтың солтүстік беткейіндегі 21,5 га жерде бой тіктейтін жаңа көпқабатты үйлердің инженерлік жүйелерін тарту жұмыстарын қадағалап, тапсырманың тиісті мерзімде бітуін талап етті.
-Шымкентте 49 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұрғанын ескеретін болсақ, тұрғын үй құрылысын дамытуға бар күш жігерімізді салуымыз қажет»,-деді шаһар басшысы.
Айта өтейік, бүгінде шаһарда ең биік тұрғын үй кешені де салынуда.“Capital City” — 12-25 қабат, 20 блоктан тұратын үшінші мегаполистегі ең биің тұрғын үй кешені болмақ. Жалпы ауданы 5 га, “Шымкент сити”-ден бой көтеруде. Құрылыс барысы қарқынды.Сондай-ақ, қала аумағы бойынша 60-тан аса тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.