Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов № 45 мектеп-гимназиясы жанындағы қосымша ғимарат құрылысының барысын тексерді.
Нысан Ш. Қалдаяқов көшесінің бойындағы білім ошағының жанынан салынуда, ауданы 1,2909 га жерді қамтиды.
Мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Сыйымдылығы 300 адам. 25 оқушы отыратын 12 сынып қарастырылған.
Нысан құрылысы осы жылдың көктем айларында басталған. Аяқталу мерзімі — келесі жылдың тамыз айы.
Айта кетейік, сапалы білім беру мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. Биыл жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда. Естеріңізге салайық, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынған.
Айтпақшы, Шымкент қаласының құрылыс басқармасы 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд. теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізуде. Оның ішінде, 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым бойынша «Тұран» шағынауданында 5 жоба, «Бозарық» шағынауданында 6 жоба, «ӘІО» 2 жоба және «Жанаталап» тұрғыналабында 2 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, 8 мектеп құрылысы, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарлануда.