Қаратау ауданына қарасты «Бозарық» шағын ауданында бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы бітіп, инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов нысан басына арнайы барып, бұған дейін берілген ескертпелердің түзетілгеніне көз жеткізді.
Мұнда 1,4 шқ электр желісі, 1,2 шқ газ, 1,3 шқ ауыз су құбырлары, 0,8 шқ кәріз жүйесі тартылуда. Қазірге дейін барлық жұмыстардың 30% орындалды. Келесі жылы ауыз мен көгілдір отын тарту жұмысы толық аяқталады.
Сонымен қатар 2020 жылы басталған жолдардың құрылысы 50%-ға салынып, қалған жартысы келесі жылы толығымен бітеді.
Тексеру барысында мердігер мекеме басшыларына жұмыстың сапасы сын көтеретіндей болсын дегенді қайталап айтқан қала әкімі М.Әйтенов, жауапты басқарма басшыларынан шаһарда салынып жатқан әрбір нысанның мерзімінен кешіктірілмеуін талап етті.
Сонымен қоса, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталығында 9 қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бұған дейін No 9,10,11,12 тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде аяқталмағаны үшін әкімдік тарапынан жауапты мердігер мекемелерге ескертулер беріліп, айыппұл салынған болатын. Бүгінде олқылықтық орны толтырылып, жұмыстар аяқталуға жақын. Қала басшысы аталған орталықтағы бірнеше нысанда құрылыс барысын тексеріп, оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 9 қабатты No 13,14,15,16 тұрғын үйлер құрылысы мен аталған аймақтың солтүстік беткейіндегі 21,5 га жерде бой тіктейтін жаңа көпқабатты үйлердің инженерлік жүйелерін тарту жұмыстарын қадағалап, тапсырманың тиісті мерзімде бітуін талап етті.
Айта кетейік, Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті. Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған ақпараттарға сәйкес, жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысын жүргізу жоспарланған.