Шымкент қаласында биыл бюджет есебінен көпқабатты 51 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда.
- Шымкент қаласының құрылыс басқармасы негізгі ірі құрылыс нысандарына жұмыс тапсырушы болып табылады. Оның ішіндегі негізгі нысандардың бірі тұрғын үй құрылысы болып табылады. Шымкент қаласында тұрғын үйге сұраныс өте жоғары екендігін ескере отырып, биылғы жылы 2 972 пәтері бар 51 тұрғын үй салынуда және жылдың аяғына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр,-дейді құрылыс басқармасындағылар.
Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым бойынша 15 нысан (Тұран ш/а 5 жоба, Бозарық ш/а 6 жоба, ӘІО 2 жоба және Жанаталап т/а 2 жоба) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 600 орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Атап айтар болсақ: 8 мектеп, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.
Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.