Шымкент – салауатты өмірге бет түзеген шаһар. Жыл басынан бері қала спортшылары әлемдік сайыстарда олжа салып, шаһарда көптеген бұқаралық іс-шаралар және ҚР чемпионаттары, халықаралық турнирлер ұйымдастырылды. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаевтың мәліметінше, есепті кезеңде спорттық инфрақұрылымды дамыту, жоғары жетістіктер, бұқаралық спортты дамыту бағытында ілкімді жұмыстар жүзеге асырылды.
Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, спорт саласында негізгі 4 бағыт белгіленген. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын 2022 жылы 35,9 пайызға (396 336 адам) жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 36,2 пайызға (402 544 адам) орындалды.
Халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін биыл 51 пайызға жеткізу межеленген. Бүгінде жоспар 51,2 пайызға орындалды.
Сонымен қатар, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, жастарды спортпен қамту нақты 45 940 адамды құрап, жоспар артығымен орындалды.
Ал AMANAT партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының спорт саласына қатысты 6 индикатор көрсеткіші бекітілген болатын. Бұл бағытта қалада бүгінгі таңда 91 спорттық секция ашылып, онда 3760 бала спортпен тұрақты шұғылдануда. Жоспар толық жүзеге асқан. 8 нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалған. Атап айтқанда, Жоғары спорт шеберлігі мектебі, Көркем гимнастика спорт кешені, №12, №1 спорт мектебінің спорт кешені, World class, Royal club, Қасиет, Мадейра спорт кешендерінде жаттығу өтіп жатыр.
Дене шынықтыру мен спорттың жалпы шұғылданушылар санынан ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесін 3,8 пайызға жеткізу жоспарланған еді. Қазіргі уақытта нақты 15 322 адам ұлттық спортпен шұғылдануда, жоспар орындалды.Сондай-ақ, қалада жыл басынан бері спортты дамытуда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, спорт түрлерінен 26 ҚР чемпионаты өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 10500-ге жуық спортшы мен жаттықтырушылар қатысты. Әр түрлі жас ерекшеліктері арасында 27 қала чемпионатына барлығы 1800 спортшы бақ сынады. Одан бөлек, қала тұрғындары, әр түрлі сала қызметкерлері арасында 24 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілді. Ал «Жастар лигасы» жобасына былтыр 140 мектеп қатысса, биыл 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қамтылды.
Қалада қолжетімді спортты дамыту, спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы бойынша да бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Шымкентте 2021 жылдың II-жартыжылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Биыл жобаға мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 323,0 млн. теңге қаржы бағытталып, спорттық секцияға 14 000 баланы қамту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда ата-аналардан 22 спорт түрі бойынша (186 спорттық секция) жалпы саны 21 286 өтінім түсіп, 14 230 баланың ата-аналарымен келісімшарт жасалды.