Бүгінгі таңда қала бойынша 23 905 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы аналардың мұқтаждықтары тіркеуге алынып, ақпараттық қолдау, психологиялық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталынан қызметтер алу секілді аналардың сұраныстарына сәйкес қызметтер көрсетілген.
Әлеуметтік категорияларға жататын азаматшалардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында биыл 504 анаға тегін оқу курстары ұйымдастырылған. Соның ішінде 216 анаға сертификат табысталыпты. Қалған аналар сертификатсыз білім жетілдірген. Орталық басшысы Абибулла Исламбекұлының сөзінше, оқу курсынан өткендердің жұмыстарына әрі қарай талдау жасалып, мамандар өз тараптарынан көмек көрсетеді.
– Бүгінгі таңда алған білімінің жемісін көріп жүрген 176 ана бар. Оның ішінде 42-сі орталықпен белсенді жұмыс істейді. Атап айтар болса, кондитерлік курсынан өткен 2 ана «Айжамал» кондитерлік дүкенінде тәттілерге тапсырыс қабылдап, нәпақа тауып жүр. Бұған қосымша 3 ана тәттілер пісіріп, үйде отырып табыс табады. Массаж курсын оқыған 12 келіншек балаларға массаж жасайтын маман атанды. Шаштараз курсын бітірген әйел сұлулық салонының бір бұрышын жалға алып, еңбек етуде. Тігін курсынан сертификат алып шыққан 3 әйел үй жағдайында тапсырыс қабылдап, тігін тігетін болған. SMM мамандығын меңгерген 8 ана әлеуметтік жеке парақшаларында өз бизнесін дамытып отыр. Маникюр-педикюрдің қыр-сырын үйренген 2 әйел сән салонынан бір орынды жалға алып жұмыс істесе, үшеуі үйден пайда табуда. Орталықта аналарды жаңа кәсіпке баулу үрдісін жалғастыруда қыркүйек айында өтетін оқу курсында білімін жетілдіру үшін 251 адам кезекте тұр, — дейді орталық басшысы.
Осы жылдың 8 айында әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасындағы жағымсыз жағдайға ұшыраған 448 анаға психологиялық, 327 анаға заңгердің көмегі көрсетілген.
Орталық берген дерекке сүйенсек, мекемеде жоспарға сәйкес жыл басынан бері пайдалы ақпарат пен бағыт-бағдар беретін отбасы тақырыбында 82 тренинг, семинар, кездесулер ұйымдастырылған. Және де, ажырасуға өтінім берген 354 отбасымен медиатор мамандары әңгімелескен. Оның ішінде 43 отбасыға психологиялық көмек көрсетілсе, 21 отбасы заңгердің көмегіне жүгінген.
Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктерді қатыстыра отырып «Ашық алаң», «Жұмадағы жақсылық», «Мобильді қызмет» жобалары жүзеге асырылған. Соның аясында 53 іс-шара өткізіліпті. Атап айтқанда, «Ашық алаң» мемлекеттік орган мүшелерімен бірлесе отырып, жеке немесе топпен азаматтарды қабылдап өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылады. «Жұмадағы жақсылықта» үкіметтік емес ұйымдар, ерікті азаматтар, топтар, ұжымдармен бірлесе отырып әлеуметтік осал отбасы мүшелеріне көмек көрсетіледі. Ал «Мобильді қызмет» – түрлі жағдайға тап болған азаматтарға құқықтық, психологиялық немесе үй жағдайында отырып құжаттарын рәсімдеу шараларына көмек береді.
2022 жылдың мамыр айында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Ералы Тоғжановпен өткен жиында Шымкент қаласының «Бақытты жанұя» орталығының жұмысына оң баға берілген. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталықтың жаңа форматта жұмыс жүргізу тәжірибелерін өзге өңірлермен бөлісуге арналған жұмыс жоспарын пысықтаған. Осыған байланысты орталықта тәжірибе алмасу үшін Нұр-
Сұлтан қаласы, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары, Түркістан қаласы және өзге де аудан, қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары арнайы келіп, жұмыс жүргізу практикасынын өтіпті.
Қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан игілікті іс талай жанның жүзіне шуақ сый-лағаны қуантады. Алдағы уақытта мұндай нағыз қажет шара мемлекеттік деңгейде кеңейтіліп, шалғай елді мекендердегі кәсіби мамандардың кеңесіне зәру болып отырған жандарға да қамқорлық көрсетілсе құба-құп болар еді.