Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Шымкент жастар лигасы» жобасының үшінші кезеңі басталды.
Бүгінгі сайыс №135 жалпы орта білім беретін мектебінде өтті. Қыздар арасындағы волейболдан № 108, 68, 114, 80 мектеп оқушылары өзара бақ сынасты. Тартысты өткен жарыста №108 мектептің қыздары жеңімпаз атанып, келесі ойынға жолдама алды.
— Волейбол жарысына осымен 12 мәрте қатысып отырмыз. Барлық ойында үздік нәтижеге жетіп отырғанымыз жаттықтырушымыздың үздіксіз еңбегінің арқасында деп санаймыз. Бүгін де қарсылас команданы жеңеміз деп ойдағыдай дайындықпен келдік,-деді жеңімпаз команданың мүшесі Сарвиноз Мирпайизиева.
Айта кетейік, ауқымды жобаға 2021-2022 жылғы оқу жылында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан 514 команда, жалпы алты мыңға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет өткелі отырған «Шымкент жастар лигасы» жобасы жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушылары арасында 2022-2023 оқу жылы аясында өтеді. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен 514 команда, 5926 оқушы қатысады. Лига командаларды қолдау бойынша қатысушы әрбір мектептен фанклубтар жасақталды.
Бүгінгі жарыста волейболдан алғашқы екі команданың ойыны тартысты өтті. Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы командасы және Жүсіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы командасы жарысқа түсті. Нәтижесінде №50 мектеп-гимназиясы 2-0 есебімен жеңіске жетті.
ІІІ маусымның салтанатты ашылуында ІІ маусымның жүлдегер мектептері марапатталды. Жеңімпаз 4 командаға су жаңа автокөліктің кілттері табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы додада Шахмат бойынша 4 ауданнан 130 команда, 520 оқушы қатысып, Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі;
Баскедболдан 122 команда, жалпы 1464 оқушы бақ сынасып, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп – гимназиясы;
Ал волейболдан 129 команда арасында Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі;
Футболдан 133 құрама команда ішінде Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы І-орындарды иеленген болатын.