Шымкентте апатты мектептер жоқ! Ал үш ауысымды мектеп мәселесі таяу арада шешімін табады. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 32 білім ұясы салынады. Ал оның үшеуі келер жылы пайдалануға беріледі.
2023 жылы Шымкентте «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде 3 білім ошағы пайдалануға беріледі. Және 6 жаңа білім ордасы мен 9 қосымша мектеп ғимараты салынады. Мемлекет тарапынан салынатын білім ұяларының құрылысы 2024 жылы аяқталып, қолданысқа берілмек. Қаланың бас педагогы инвесторлардың да білім саласына қызығушылығының жоғары екенін атап өтті. Мәселен, биыл мегаполисте жекенің есебінен 30 мектеп пайдалануға берілген.
«Салынған әрбір білім беру ұйымдарының, салынған жаңа білім беру ордасы балалар үшін жайлы мектеп болуы туралы тапсырып отыр. Ол үшін арнайы бағдарлама дайындалды. Дәл сол бағдарлама аясында ендігі салынған мектептерде осы Шымкент қаласынан 34 мектеп еніп отыр. Ол мемлекет есебінен салынатын болады. Және оның жайлы мектеп деп аталуының өзі – барлық балаға жайлы жағдай қарастырылған мектептер бұдан ары қарай салынатын болады»,- деді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Биыл қалада 5 үш ауысымды білім ошағы бар. Алайда қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асса, келер жылы бұл мәселе толықтай шешіледі. Есте болса, осыдан 3 жыл бұрын бізде 21 үш ауысымды мектеп болса, былтырғы жылы ол 9 болатын, биыл 30 жекеменшік және 4 мемлекеттік салынған мектептің есебінен Шымкент қаласында үш ауысымды мектептің саны бүгінгі таңда 5-ті құрап отыр. Қалған мектептің үлесі жайлы мектеп пен 1000 мектеп бағдарламасының аясында, сондай-ақ, инвесторлар есебінен салынып жатқан білім беру ұйымдарының есебінен шешімі табылатын болады.
Мемлекет басшысы Шымкентке келген іссапарында мегаполиске тағы бір оқушылар сарайын салу керек екенін атап өткен еді. Бүгінгі таңда Нұрсәт шағынауданында 12 мың баланы қамтуға қауқарлы оқушылар сарайы салынып жатыр. Нысан 2023 жылдың басында пайдалануға беріледі. Ал Президент тапсырмасымен қосымша тағы бір сарай салынса, балаларды қамту үлесі 98 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.
Жалпы биылғы жоқу жылында 871 білім беру ұйымы өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда 1 ауысымдағы 45 мектепте 13 963 оқушы, ал 2 ауысымда 173 мектепте 213 762 оқушы және үш ауысымды 5 мектепте 14 800 оқушы білім алып жатыр.