Қазақстанның табиғатқа жанашыр студенттері бүкіл ел аумағында «EcoStudentKZ» челленджін бастап кетті. Олар осылайша қоршаған ортаны қоқыстан тазартып қана қоймай, өзгелерді тазалыққа үгіттейді. Тазалық акциясы алдымен Шымкентте өтті. Жергілікті студент жастар Қошқар ата өзенінің жағасына келіп, шашылып жатқан қоқыстың бәрін тазартты. Сондай-ақ, олар қаладағы саябақтар мен алаңдарды да тазалауға бекініп отыр. Шымкенттік студенттер бейберекет жатқан қоқыс орындарын тазалап «Эко-плоггинг» өткізді.
Шымкенттік эстафетаны павлодарлық студенттерге тапсырды. Енді Кереку жастары да қаланы қоқыстан тазару акциясын өткізеді. «Қазақстан тұрғындарына айтарымыз – өзің отырған жерге қоқыс тастама. Осы челлендж арқылы отанымызға деген сүйіспеншілігімізді танытайық!» — дейді Шымкент жастары.
Айта кетсек, бүгінде елде «эко плоггинг» деп аталатын жаңа фитнес-тренд тарап келеді. Ол салауатты өмір салты мен экология қамқорлығын біріктіретін ұғым . Бұл ұғым алғаш рет Швецияда пайда болды. Бұл сөз жүгіру кезінде қоқыс жинау («plog» сөзі швед тілінен «соқа» деп аударылады) дегенді білдіреді. Плоггингпен айналысу үшін не істеу керек?
– Жүгіруге өзіңізбен бірге берік пакет алу;
– Оған жол бойы табылған қоқысты салу;
– «Олжаңызды» суретке түсіріп, басқа да адамдарды осы іске шақыру мақсатында #plogging хэштегімен әлеуметтік желіге салу.
Плоггинг бір оқпен екі қоянды атуға көмектеседі. Қарапайым жүгіру экологиялық акцияға айналып кетеді. Оған қоса, жүгірушінің калория жұмсауы артады. Себебі, ол қоқысты алуға еңкейеді немесе жартылай отырады. Пайдалы трендті Шымкенттік студенттер де жиі қолдануды әдетке айналдырмақшы.
Айта кетейік, шаһар аумағында жыл бойы түрлі экологиялық акциялар мен сенбіліктер де өтеді. Маңызды республикалық оқиғаларға орайластырылған ағаш отырғызу науқандары да ұйымдастырылады. Мұндай шараларға Шымкенттік жастар жиі қатысатындарын алға тартады.