Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен I Республикалық моноспектакльдер фестивалінде Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл Қожамұратова «ЕҢ ҮЗДІК ӘЙЕЛ АДАМ БЕЙНЕСІ» номинациясымен марапатталды. Ол бұл марапатқа «Медея» рөлі үшін лайық деп танылды.
Сахна падишасы Хадиша Бөкееваның есімін ұлықтау мақсатында тұңғыш рет өткен фестивальге Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Семей, Ақтөбе қалаларындағы театр ұжымдары қатысты. Өнер байқауына Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер, режиссер, Хадиша Бөкееваның шәкірті Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Фестиваль қорытындысында У.Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын ұсынған Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры «Үздік сценография», Ж.Ануйдің «Медея» трагедиясында Медеяны сомдаған Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Бақыткүл Қожамұратова «Үздік әйел адам бейнесі», У.Шекспирдің «Гамлетінде» Гамлетті сахнаға шығарған Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актеры Бағдат Телеуғалиев «Үздік ер адам бейнесі» аталымымен марапатталды.Сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі – бас режиссері Айдын Салбан Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ш.Айтматовтың «Ана мен Ала» драмасын сахналағаны үшін «Үздік режиссура» аталымына ие болды. Театр 30 жылдығының арнайы жүлдесі Ш.Айтматовтың «Ізде» сюрреализмін ел назарына ұсынған Семей облысының «Дариға-ай» жастар театрына тапсырылды.Қазылар алқасының шешімімен фестивальдің Гран-при сыйлығы берілген жоқ.
«Мәртебелі өнер байқауы барысында үш күн бойы моноспектакльдер қойылып, сарапқа салынды. Мұндай фестивальдер өскелең ұрпаққа, соның ішінде театр өнеріне еңбек сіңіріп жүрген жастарға керек. Бұл фестиваль Ақ Жайық өңірінде де театр өнерінің дамып келе жатқандығын көрсетті», деді жазушы-драматург Мұрат Қолғанат.
Айта кетсек, “Медея/Филоктет” деп аталатын антикалық қойылымның қоюшы режиссері – Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Театр ұжымы екі бөлек туындыны біріктіріп, көрерменге махаббат, сатқындық, опасыздық сезімін бастан кешкен адамның жан тебіренісін жеткізуге тырысқан. Сан ғасыр өтсе де құндылығын жоғалтпаған жан Ануйдың «Медея» трагедиясы, көрерменді ежелгі Грек еліне ендіреді. Қойылым желісі бойынша, өз күйеуінің сатқындығын кешіре алмаған Медея ақыр соңында үлкен қылмысқа барып, өзінің туған балаларын өлтіреді. Алайда, Медеяға мұндай шешімге келу оңайға соқпайды. Басты рөлді театр әртісі, мәдениет саласының үздігі Бақыткүл Қожамұратова сомдап шықты.
«Медея бұл жартылай күн құдайының қызы, жартылай адамның қызы. Яғни өзі ерекше алапат күш иесі. Осындай сиқырлы күшін жүрегінің түбіне сақтаған. Соңғы 10 жылын адам күйінде кешкен соңында ол сатқындықпен біткен. Сондағы жан күйзелісінің трагедиясы оның сатқындыққа шыдамаған жан тебіренісі. Сол кейбір қарапайым әйелдің өзі ашуланса небір білмейтін күштері бар. Құдай әйелдің басына бақытсыздық орнатпасын, егер орнатса ол не істеп не қойғанын білмей қалатын жағдайлар болады»,- деді ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақыткүл Қожамұратова.
Медея қойылым басталғаннан аяғына дейін сахнадан түспейді. Жан Ануй мен Хайнер Мюллердің екі бөлек туындысын біріктіріп, антикалық дүние жасағандар көрерменге сатқындықтың азабын көрсетуді мақсат тұтқан.