Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов № 45 мектеп-гимназиясы жанындағы қосымша ғимарат құрылысының барысын тексерді. Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойындағы білім ошағының жанынан салынуда, ауданы 1,2909 гектар жерді қамтиды. Мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Сыйымдылығы 300 адамды құрайды. Сондай-ақ ғимаратта 25 оқушы отыратын 12 сынып қарастырылған. Нысан құрылысы осы жылдың көктем айларында басталған. Аяқталу мерзімі — келесі жылдың тамыз айына жоспарланып отыр.
Жалпы шаһарда үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі 2023 жылы шешіледі деп жоспарлануда. Шымкент қаласында сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орындық 101 мектеп салынады. Қалалық білім басқармасының дерегінше, 2021 жылы 11 064 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға тапсырылған. Оның ішінде 4 мектеп мемлекеттік, 21 мектеп жекеменшік. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Ал, биыл бюджет есебінен 5 мектептің жанынан қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысандар пайдалануға берілген тұста қалада үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейді.
Айта кетсек, Шымкент қаласындағы 871 білім беру ұйымы 440 мыңға жуық тәрбиеленіші, оқушы мен студенттерді қамтиды. Яғни шаһардағы әрбір үшінші адамның білім жүйесіне қатысы бар деген сөз.
Бұдан бөлек, қалада «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында Қазақстан халқына арнаған Жолдауда көтерген «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету» мәселесі бойынша 2-6 жас аралығында қамту – 89%, 3-6 жас – 100% орындалды. 2025 жылға дейін 105 балабақшаны іске қосу арқылы қажеттілікті түпкілікті шешу жоспарланды. Мектеп оқушыларының саны жылдан-жылға артып келе жатыр. Соңғы бес жылда 106 мыңнан 245 мың оқушыға немесе 2,3 есеге артты. Алдағы 5 жылда 315 мыңға жуық оқушы болады деп жоспарланды. Осыған орай, 2021-2025 жыл аралығында 101 мектеп салу жоспарланған. Соңғы екі жылда 58 мектеп пайдалануға берілді.