Еліміздегі жалғыз әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «қызды оң босағаға отырғызу» дәстүрі дәріптелді. Қазақы салт бойынша қыз бала бой жетіп он екіге толған шағында үйдің оң босағасынан арнайы орын беріп, өзіне тиесілі киім-кешек, көрпе-жастығын, жатын орнын шымылдық құрып көлегейлеп, бөлектеп тәрбиелеген. Бұл дәстүр «қызды оң босағаға отырғызу» деп аталған.
Бүгінде Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және спорт» факультеті «Театр және эстрадалық шығармашылық» кафедрасының 3-курс студенттерімен бірлесе “Қызды оң босағаға шығару” дәстүрі насихатталды.
Қазақ халқы ғасырлар бойына қалыптастырған салт-дәстүрлеріміздің мән-мағынасы тереңде жатыр. Дәстүр арқылы адамдар жаңалықтан хабар алып отырған десек те болады. Қызды оң босағаға шығару дәстүрі ең алдымен қызға эстетикалық тәрбие береді. Екіншіден, ауыл адамдары шашбаудың сыңғырын алыстан естігенде «әй, қыз келе жатыр» деп бейәдеп сөзден тыйылған. Қызды қатты құрметтеген. Үшіншіден, «пәленшенің оң босағасында қыз бар екен» деп жан-жақтан айттырушылар келе бастаған. Демек сол үйдегі қыздың болашақ жарын табуға бірден-бір жол ашатын да дәстүр болған.
Сән салтанаты жарасқан ұлттық дәстүр, ұлттық өнер, ойын сауық және ұлттық киімдер. Бұл тек наурыз мерекесінде ғана емес, жыл он екі ай бойы дәріптеледі. Оның бір дәлелі орталықтағы іс шара легі күн сайын іске асуы болып саналады. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығындағы кеңес залында салт-жоралғылар таныстырылады. Сондай-ақ, мұнда салт-дәстүрге арналған екі көрме залы бар. Ал қалған бөлмелер зерттеу сыныптары. Сонымен қатар, орталықта 20 мәдени-ұлттық орталықтың ғұрпынан сыр шертер жәдігерлермен де жасақталып, ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып тұратын орталыққа қызығатын шетелдіктердің қатары да артып келеді.
Айта өтсек, дәстүрімізді дәріптеп, киелі құт орынға айналған бұл орталық 2014 жылы ел игілігіне берілген. Бұл мекеме республиканың өзге өңірлері мен облыстарында жоқ бірегей, ұлттың ұлт екендігін танытатын, оның өткені мен бүгінін сабақтастыратын орталық болып есептеледі. Мұнда салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға байланысты жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізіліп, баспа өнімдері шығарылады. Ғасырдан ғасырға жеткен ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталады. Сондай-ақ, оңтүстікті мекендеген өзге ұлыс өкілдерінің де әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері жүйелі түрде зерделеніп, ортақ игілікке пайдалану жағы қарастырылған. «Мәңгілік Ел», «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру негізгі ұстанымға айналған. Орталық ғимараты 2 қабаттан тұрады. Онда «Ұлттық салт-дәстүр» және Мәжіліс залдары орналасқан. Жалпы ауданы – 940 шаршы метрді құрайды. Ғылыми-зерттеу және әдістемелік, қорларды ғылыми-зерттеушілікті қамтамасыз ету, ғылыми ағартушылықты қамтамасыз ету және шаруашылық бөлімдері бар. Ұлттық дәстүрлі қайта жандандыру мақсатында «Елдіктің бір белгісі-Ерулік», «Ұлттық киімдер» секілді түрлі жобалар ұсынылып, «Дәстүрім-асыл қазынам» атты кітап жарық көрген.