Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапханада жас жазушы, драмтург, «Махаббатым Constant», «Параллель» кітаптарының авторы-Әлішер Рахатпен кездесу өтті. Жас қаламгер оқырман қауыммен еркін форматта сұқбаттасып, әдебиеттің қазіргі тыныс-тіршілігі туралы, жазушылыққа бет бұрысының себебін, қос кітаптағы шым-шытырық оқиғалардың шынайы өмірмен байланысын, алдағы уақытта бөлісер көркем туындылары жайлы ой бөлісіп, қойылған сауалдарға кеңінен жауап берді. Тұлғадан тәлім алсақ деп келген «алқалықтар» өз кезегінде Әлішер Рахаттың «Параллель» романын оқып, алған әсерлерін, оқырман ретіндегі көзқарастарын әдеби талдау арқылы жеткізді.
«Параллель» сезімді бастан өткеріп жатқан кейіпкер Шоқан, оның әлемге басқаша көзбен қарауы, өлім жайлы толғануы, философиялық толғаныстары оқырманды терең ойға жетелегені сөзсіз.
Қазіргі қазақ әдебиетінің проза жанрында қалам тербеп жүрген жастар арасынан жазушы Әлішер Рахаттың есімі біріншілер қатарында аталады десек, қателеспеспіз. Екі бірдей роман шығарып үлгерген қаламгердің шығармашылығы жайлы әдеби орта да үнсіз емес. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Үздіксіз әуез» әңгімесі туралы ақын Тоқтарәлі Таңжарық былай дейді: «Әңгіменің ішкі ағысы өте арынды. Алғашында оқиғалар тізбегі өте баяу жүретіндей көрінеді. Динамикасы солғын тартқандай көңілің қоңылтақсуы да мүмкін. Бірақ әсте олай емес. Бұл – әңгіменің жазу тәсілінің ауырлығынан туындайтын оқырман санасындағы түйткілдер».
Әдебиеттанушы Айнұр Ахметова жазушының жақында шыққан «Parallel» романы жайында былай депті: «Роман шығады деген хабарды естіген күннен бастап Әлішерден жақсы шығарма күткенімді жасырмаймын. Осы болжам расқа айналса деп қатты үміттендім, тіпті сендім де. Сенімім алдамады. Дәл осындай шығарманы қазақ әдебиетінен әліге дейін оқымаппын. Бұл ойым арқылы Әлішер бірінші орында тұрған үздік автор дегелі отырған жоқпын. «Параллель» – махаббат туралы жақсы роман, нағыз әдебиет нарығына лайықталып жазылған шығарма. Автор өзінің көкейіндегі әрі оқырманға да қажетті, өтімді тақырыпты жазып, кітабы жақсы сатылып жатыр. Әлеуметтік желіден мұны жақсы байқап жатырмыз. Бұл бұқаралық әдебиеттің санатына да жатпайды. Қай жағынан алып қарағанда да сапасы жоғары шығарма».
Жазушы Әлішер Рахат оқырмандардың сұрағына жауап беріп, олардың кітапқа деген құштарлығын аша түсті.
Пышақтың қырындай жұмсақ мұқабалы қырмызы кітап оқырман назарына бірден ілінетіні сөзсіз. Сырты сүйкімді кітаптың ішіне енгенде екі түрлі әлемге куә боласыз. Бірі өзіңізге жақсы таныс қала келбеті мен онда тіршілік кешіп жатқан жастар әлемі. Енді бірі жалғыз адамның ішіндегі ешкімге айта алмайтын өзіне тән жан әлемі. Сізге бейтаныс бөгде әлем. Роман көбіне бас кейіпкер Шоқан есімді жас жігіттің ішкі психологиялық жан күйзелісімен өрбиді. Әр адамның ішінде жеке бір әлем болады деген түсінік бар ғой. Бұл шығарма Шоқанның ішкі әлемін және онда болып жатқан арпалыстарды жеткізеді.
Кездесу соңында жазушының қолтаңбасымен екі бірдей романын естелікке алып, жеке кітапханамыз да, көңіл сарайымызда рухани, құнды қазынамен толықты.