Туған халқына мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек ұлылардың ғана үлесіне тиген. Солардың бірі қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туылғанына — 125 жыл толуына орай №14 балалар кітапхана бөлімшесінде Навои атындағы №11 жалпы орта білім беретін мектебі оқушыларының қатысуымен «Асыл сөздің зергер шебері» атты әдеби кеш өткізілді.
Іс-шара барысында оқушыларға жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет берілді. «Қорғансыздың күні» атты әңгімесі арқылы сол кездегі әйел теңсіздігінің жоқтығы, адам құқығының аяққа тапталуы, әлсіз қорғаны жоқ халықтың күйін жан-жақты талқылады. Басты мақсат – кешегі мен бүгінгіні байланыстыра отырып, қаламгердің келешек ұрпақтарға қалдырған әдеби-рухани мұрасының өнер-білімге, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейтін шығармаларының берері мол екенін жас ұрпаққа ұғындыру.
Шара аясында оқырмандар да оқыған әңгімесі жайлы түйген ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтарға жауап берді. Жазушы шығармалары қай кезде болмасын халықтың қажетіне жарап, рухани игілігіне айналған құнды мұра.
Мұхтар Әуезовтың жастық шағы мен шығармашылық ғұмыры алып шаһар Алматыда өтті. Кемеңгер қаламгер 40 жылға жуық уақыт осы Алматыда тұрды. Бұл жазушының өнегелі еңбек еткен ең жемісті жылдары еді. Оның Қазақстан жазушылар одағында құдіретті үні қалды, бірнеше жоғары оқу орындарында оқыған дәрістері сақталды. Мұхтар Әуезовтің бір ғана шығармасы «Абай жолы» роман-эпопеясы күллі адамзаттың болмысын суреттеп, сол кездегі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерген. Сондықтан да ұлы жазушының бұл туындысы әлемнің 116 тіліне аударылып, оқырмандар арасында кеңінен танылды. Жазушының 125 жылдық мерейтойына орай Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және Голландия сынды 10 елдің әдебиеттанушылары арнайы конференция ұйымдастырып, жаңадан басылған бірнеше кітаптың тұсауын да кескен болатын.
Айта кетсек, Мұхтар Әуезовтің есімімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің әдебиет және өнер институты, Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қалаларындағы көшелер мен мектептер аталды. Жазушыға республиканың барлық өңірлерінде ескерткіштер орнатылған. Қазақ телевизиясы ұлы жазушы туралы 12 сериялы деректі фильм түсірді. Ал Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО шешімімен 1997 жылы дүние жүзінде аталып өткен болатын. Биыл жазушының 125 жылдығы аясында 500-ден астам, оның ішінде халықаралық деңгейде 50-ден астам іс-шара өткізіледі деген жоспар болған. Бүгінде аталған жобалар іске асып келеді.