Шымкентте ерекше мерекелердің бірі «Өзбек этносының мәдениеті, дәстүрі мен тілі» күні тойланды. Шараға этномәдени бірлестігі «Достық» қауымдастығы ұйытқы болған. Мерекелік шараға ТМД елдерінен арнайы қонақтар келіп, қатысты.
Қазақстан мен Өзбекстан достығы ежелден тамыр алған. «Өзбек – өз ағам» деген сөз де ел аузында тегіннен жүрген жоқ. Шымкент қаласында 1994 жылдан бері «өзбек этносының мәдениет» күні тойланып келеді. Бұл күнде қаладағы аталған этнос өкілдері жиналып, мәз-мейрам күй кешеді.
Өңірде өзбек этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, 30 жылға жуық уақыт бойы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының саяси, мәдени өміріне белсене араласты. 2018 жылы қалалық бірлестік мәртебесін алып, осындағы 200 мыңға жуық өзбек ұлтының өкілі қазақстандық қоғамның ортақ құндылықтарын қастерлеуге ұйытқы болып отыр.
Қазақстан өз ішінде ұлтаралық татулық негізінде саяси тұрақтылықты берік орнықтырды. Сондықтан да Қазақстан дүние жүзінде ешкімге ұқсамайтын, тек қана өз еліміздің ішкі ерекшеліктерінен туындайтын, уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық дамудың қазақстандық моделін қалыптастырды. Бұл барша қазақстандықтардың абырой-беделін бұрын-соңды жетпеген биікке көтеріп, бізді әлемдік дамудың алдыңғы қатарына шығарды. Дәл осы тарихи кезеңде қазақ халқы тағы да өзінің үздік қасиеттерін танытып, елімізді мекендеген көп ұлт пен ұлыстың басын қосып, тәуелсіз ел бола алатынын көрсетті. Көрсетіп қана қойған жоқ, дүние жүзіне үлгі бола білді. Бұл қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, өңірдегі этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына мүмкіндік жасауға бағытталған мерекелік шара қонақтарының пікірі.
Айта кетейік, шаһарда өзбек этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсене араласты. Бірлестік жанындағы ақсақалдар алқасы, жастар қанаты, «Бахор», «Феруз» шығармашылық ұжымдары Шымкенттің дара дәстүрін жалғап, қоғамдық-мәдени тұрмысын байытып келеді. Тағы бір ақпар. Қазақстан халқының 3 % өзбек ұлтының өкілдерінен тұрады. Ал оңтүстік жақта ала тақиялы ағайынның саны ел халқының 30 %-на тең. Шымкентте 2000-ға жуық оқушы өзбек тілінде еркін білім алса, мәдени мекемелер де аталған тілде қызмет етіп жатыр.