Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек және М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының әртісі, ҚР «Серпер» жастар одағы сыйлығының иегері Алмас Шаяхметовтің қатысуымен М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының Шымкент қаласына арнайы гастрольдік іс-сапармен келуіне байланысты өткен брифингте мәлім болды.
Өнер ұжымы театр репертуарындағы шоқтығы биік спектакльдерін Шымкент қалалық орыс драма театрының сахнасында қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етпек.
Атап айтар болсақ:
26 қыркүйек – Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» драмасы; Басталуы сағат 19.00-де.
27 қыркүйек – Бернард Шоудың «Сүйікті менің періштем» комедиясы; Басталуы сағат 14.00-де және 19.00-де.
28 қыркүйек – Александр Володинның «Қоштасқым келмейді» драмасы; Басталуы сағат 14.00-де және 19.00-де.
29 қыркүйек – Абай Құнанбайұлының қара сөздері бойынша қойылған «Қара» драмасы; Басталуы сағат 19.00-де.
«Бұл шара М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатыр. Театырымыздың үлкен-кіші буыны бар, қазіргі қазақ экранында жүрген танымал актерлармен қосқанда жалпы 60-қа жуық актер келіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың дарынды жазушысы Д.Исабековтың 80 жас мерейтойына арналған «Ұлттық театр сахнасында Дулат Исабековтың шығармалары» атты көрме ұйымдастырылады. Бұл күндері театр фойесінде Ұлттық театрдың мұражай қорынан «Мұхтар Әуезов және Ұлттық театр» көрмесі де көрерменге жол тартады» — деді Е.Жуасбек.
Сондай-ақ, 28 қыркүйек сағат 11.00-де Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы, «Платиналы Тарлан» сыйлығының, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Назгүл Қарабалина М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың гастрольдік сапары аясында «Монодрама — шеберлік шыңы» атты шеберлік сағатын өткізеді.