Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу барысында мәдениет саласы мемлекеттің басты назарында екенін айтты. Президент Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырды.
– Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы тапшы. Менің тапсырмам бойынша 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырамын, – деді Президент. Кездесу барысында сөз сөйлеген Президент әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту саласына да назар аударды. Сондай-ақ биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағанын айтқан Президент Шымкентте Оқушылар сарайы және Балалар шығармашылық орталығы салынып жатқанына да тоқталды.
– Қаланың демографиялық өсімін ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын. Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысып жатыр. Қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Осы өңірдің кәсіпкерлері көптеген мектеп салып, білім саласына зор үлес қосып жатыр. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту да негізгі міндеттің бірі екенін айтып, заманауи стандартқа сай перзентхана қажеттігін жеткізді. Осыған орай, Әкімдік пен Үкіметке перзентхана салу жұмысын жеделдету туралы тапсырма берілді. Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту мәселесін жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі ретінде атап, қазір Шымкент тұрғындарының үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанына тоқталды.
– Биыл кемінде 24 мың адамды жұмысқа орналастыру керек. Мен жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту туралы нақты тапсырмамды бердім. Қазір тиісті Заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілеттігі біршама кеңейетін болды. Соған сәйкес жауапкершілік те күшейеді. Мұның бәрі қала экономикасын дамытып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Шежірелі шаһардың кемінде 2200 жылдық тарихы бар екенін айтқан Мемлекет басшысы оның ЮНЕСКО деңгейінде расталған дерек екенін еске салды. Президенттің айтуынша, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері көптеген оң өзгерістер болды. Атап айтқанда, қаланы дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оған қоса 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Қала бюджеті 4 есе өсіп, өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артқан. Сондай-ақ аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды.
Мемлекет басшысы жиын соңында бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжанов «Парасат» орденімен, «Ә. Марғұлан атындағы археология институты» РМК бас директоры Бауыржан Байтанаев және №2 қалалық аурухананың дәрігері Есенгелді Бегешев «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ спортшы Ксения Ханға «Ерен еңбегі үшін» медалі, «№ 89 IT мектеп-лицейінің» тәрбиешісі Әсем Үсеноваға «Шапағат» медалі табыс етілді.