Шымкенттегі жекеменшік мектептердің білім беру сапасы шаһар басшысы М.Әйтеновтің жіті бақылуында. Бүгін ол Тұрандағы биыл ашылған “Зияткер Тұран” мектебіне барды.
Білім ошағы 816 орынға лайықталып, 3 қабатты типтік үлгіде салынған. Қазір мұнда 340 оқушы 1 ауысымда оқуда.
Мұнда 260 балаға арналған асхана, акт залы, шеберхана, компьютер сыныбы, спорт зал, жалпы оқу кабинеттері қарастырылған.
Аралау барысында М.Дүйсенбекұлы: “Кәсіпкерлердің білім саласындағы инвестициялары бұл салада бәсекелестіктің дамуына септігін тигізеді. Ал, бәсеке сапаны арттырары анық. Сапалы біліммен ғана саналы шәкірт тәрбиелей аламыз”,-деді.
Аталған білім ошағы Қаратау ауданы, Тассай тұрғын алабы, 301/3 ғимаратта орналасқан.
Бүгінгі таңда жан басына қаржыландыру жүйесімен Шымкентте 31 225 оқушы 87 жекеменшік мектепте дәріс алуда. Ал мемлекеттік 151 білім ұясында оқитындар саны биыл 21 6735-ке жетті. Айта кетейік, Шымкентте жаңа оқу жылы 223 мектепте басталды. Білім ошақтарының саны былтырмен салыстырғанда 20 мектепке көбейді. 2022-2023 оқу жылында 1 сыныпқа 28 мың оқушы қабылданып, былтырғы тиісті көрсеткішпен салыстырғанда 3 мыңға көбейген. Қаланың 2021-2025 жылдардағы даму жоспарында білім саласына баса назар аударылған. Мысалы, 2025 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте 101 мектеп ашу жоспары қойылған. Қазіргі таңда қаламызда жалпы 861 білім беру ұйымы бар. Олардың ішінде 223 мектеп, 577 балабақша, 37 колледж, 11 қосымша білім беру және 13 арнайы мектеп жұмыс істейді. Баршаңызға белгілі, еліміз бойынша биыл мектептерде сабақ өту 5 күндік жүйеге көшті. Оның ішінде, Шымкент қаласында 3 ауысымда білім берілетін 5 мектептен басқа 218 білім ошағы 5 күндік жүйеге ауысты. 45 мектепте – 1 ауысыммен, ал 173 мектепте 2 ауысыммен сабақ өтіледі. Қаламызда оқушылар санының көбеюі демографиялық ахуалға тікелей байланысты. Яғни, бала туу көрсеткіші артып, агломерация миграциясы да үлесін қосуда. Осыған орай мектеп санын көбейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Атап айтқанда, биыл қаламызда жыл соңына дейін 25 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олар жалпы саны 13 мың оқушыға лайықталған.