Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.
– Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент патриотизм, Отансүйгіштік жайында да сөз қозғады.
«Былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғаны елдің есінде. Сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шықты. Шынайы отаншылдық осындай әрекеттен көрінеді. Құр сөзден түк шықпайды. Алаңдарға шығып, жалған ұран тастап жүргендердің, меніңше, нағыз Отансүйгіштікке ешқандай қатысы жоқ. Қастерлі туымызды жерге түсірмей алып шыққан бірнеше жігіт бүгін ортамызда отыр. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі етуіміз керек. Осыған орай, мен Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға алғысымды жариялаймын»,-деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент жұртшылығымен кездесуінде Шымшаһардың экономикасы жайлы да айтты.
- Шымкентті дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінді;
- 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды;
- қала бюджеті 4 есе өсті;
- қаладағы өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артты;
- аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды;
- соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді;
- соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды;
- инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыруға 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді;
- жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі;
- Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған;
- қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды,-деді Қ.Ж.Тоқаев.