Шымкентте биылғы жылғы 6 айдың мәліметі бойынша пробациялық бақылауда 1360 адам есепке алынған. Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бақылауда жүргендер саны 215 адамға азайған. Алайда, қайталама қылмыстар саны 2 есеге өсіп отыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың төрағалығымен өткен консультациялық-кеңес мәжілісінде мәлім болды.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, 36 қайта жасалған қылмыстың 28-ін жұмыссыз және тұрақты жұмыс орны жоқ адамдар жасаған. Жиында атап көрсетілгеніндей, түзету мекемелерінен босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту және қоғамға бейімдеу тұрғысында әлеуметтік қолдау өзекті мәселе болып қалуда. Өйткені жұмыс берушілер тарапынан сенімсіздік басым дейді сала мамандары. Өз кезегінде, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар, сондай-ақ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін жұмыс орындарының белгіленген квотасын орындамау Халықты жұмыспен қамту туралы Заңнаманы бұзу болып табылады.
Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков консультациялық-кеңес мәжілісіне қатысқан барлық басқармалар мен құзырлы мекеме басшыларына жазасын өтегендер мен есепте тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеп, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау көрсетуде жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.
— Өмірде шалыс қадам басты екен деп бұл азаматтарды мүлдем қоғамнан аластатуға болмайды. Керісінше демеу көрсетіп, мемлекетіміз үшін сақтап қалуымыз қажет. Түптеп келгенде консультативтік-кеңестің негізгі мақсаты да осы,-деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлы.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, биыл пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасы бойынша 10-нан аса мекемеге 106 жұмыс орны бекітілген. Қазіргі таңда 58 азамат жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде, бүгінгі күнге, квотадан бөлек, 33 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Жұмыссыз және арнаулы орта немесе жоғары білімі жоқ азаматтардың кәсіптік білім меңгеру мен біліктілігін арттыру мақсатында қысқа мерзімді оқуға жолдау ұсынылуда.
Бостандыққа шыққан азаматтар сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығын» паналай алады. Жыл басынан бері орталыққа Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша Қылмыстық –атқару жүйесі департаментіне қарасты түүзеу мекемелерінен босап шыққан және есепте тұрған 50-ге жуық азаматқа қызмет көрсетілген. Орталық мамандары оның ішінде 13 адамды туған туыстарымен табыстырған.