Бүгінде жастардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік белсенді бөлігі санатына жатады. Олар елдің тыныс-тіршілігіне де белсене араласып, оның алға қарай даму жолында бірлесе жұмыс атқаруға алдарына міндет қойған.
Ең басты бүгінде жастардың бойында жоғары азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді, қалыптастыру болып отыр. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысы да жандана түскен
Жалпы ұйымның мақсаты – жастарды қоғамдық келісім негізінде топ¬тастыру, жастардың бастамаларын дамыту және әлеуметтік тұрғыда қолдау.
Кеше «Достық үйі» ғимаратында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев Шымкент қаласына келіп, ұйымның Шымкент қалалық өкілдігінің мүшелерімен кездесіп, еркін форматта сұхбат құрды.
Шара барысында Тимур Ғабдолұлы «Ассамблея жастары» ұйымы мүшелерінің қоғамдық белсенділігін арттыру, әлеуметтік желілердегі контентін ұлғайту жөніндегі ойларын ортаға салды. Ұйымның алдағы жоспарларымен бөлісіп, жастарды белсене жұмыс істеуге шақырды.
Сондай-ақ, шарада «Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігінің төрағасы Н.Мейірбеков ұйымның жыл басынан бері атқарған жұмыстары жөнінде баяндап, өз ұсыныстарын жеткізді.
Басқосуда ұйым мүшелері бірлестіктің қызметі мен ары қарайғы даму мәселелері бойынша өз пікірлерін білдірді.
Айта кетейік, Шымшаһарда 240 мыңнан астам жас бар. Жоғарғы және арнаулы оқу орындарында 10 мың студент білім алуда. Кәсіпкерлікті дамыту аясында 18 мың жасты жұмыспен қамту көзделуде. Кеңес отырысының қорытындысында қала әкім жастармен айына бір рет кездесіп отыратын болып шешім қабылданды. Шымкентте 4 ауданның жастары 4 блогқа бөлініп, олармен «Жастар ресурстық орталығында» тұрақты кездесулер өтіп тұрады.