Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Ақпараттық үгіт-насихат тобының сарапшылары ф.ғ.к. С.Мажинбеков пен экономист М.Абдукаримов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйек күні Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында брифинг берді.
Белгілі саясаттанушы Сәкен Аралбайұлы: «Жолдауда саяси тұрғыдан алғанда ең маңызды өзгерістер бұл — Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді және қайта сайлануға тиым салыну туралы ұсынысы. Екінші, Парламент сайлауы, барлық саяси процесстерді халықпен ақылдаса отырып, жариялаймыз дей отырып, осы саяси процесттерді алдын-ала жариялағандығы.
Адам капиталы барлық уақытта да маңыздылығын жойған емес. Бала бақшалардағы мамандардың, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеру, жоғарғы оқу орындарында білім алудың сапасы мен қол жетімділігін арттыру, кәсібін ашамын деген азаматтарға нақты шешімі бар жолдар ұсынуы халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын.
Сонымен қатар қоғамдағы ең маңызды мәселелердің бірі денсаулық сақтау саласы. Елімізде 650 ауылдық округтерде әлі күнге фельшерлік орталықтардың жоқтығы және оларды салу мәселесі мен аудандық ауруханаларды заманауи құрылғылармен қамту туралы да айтылды.
Халыққа ең бірінші не қажет? Халыққа ең бірінші бағаның тұрақтылығы қажет. Екінші өмірінің қауіпсіздігі қажет. Бұл туралы да Жолдауда біраз нәрсе айтылды. Әсіресе, заң, сот жүйесіндегі өзгерістер, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелеріне қатысты айтылған өзгерістер. Біздің ұлттық менталитетімізде көп жағдайда жанұядағы болып жатқан мәселелерді «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде»- деп көпшілікке жарияламайды. Алға қарай жылжитын уақытта қоғамдық санаға әсер ету керек, бұл деген сөз, отбасындағы зорлық-зомбылыққа талдау жасаған кезде заңдық негіздерді қайтадан қарап, әкімшілік құқықпенен қайта жасақтау.
Менің ойымша бұл Жолдауда қоғамның күтіп отырған ең негізгі мәселелерінің барлығы қамтылды. Ендігі жерде Жолдауда белгіленген өзгерістердің халыққа тиімді болуы тек қана атқарушы биліктің қолында емес, ол әрбір қазақстандықтың қолында. Әрбір азамат бірінші кезекте еліміз үшін еңбек қылса, біз үшін алынбайтын асу жоқ»,-деді.
Брифинг барысында экономист, «Бағбандар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мақсат Серікұлы Жолдауда айтылған жаңа экономикалық бағдардың басты басымдықтарына тоқталып өтті.
«Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» деген жаңа бағдарламаны жүзеге асыру арқылы әрбір отбасы, өскелең ұрпақ еліміздің ұлттық байлығының игілігін көре алатындығы қуантады»,-деген спикер, бұл Жолдауда белгіленген тапсырмаларда нақты сандар мен уақыттар көрсетілгендігін атап өтті.