Шымкент гарнизонының механикаландырылған құрамасының жеке құрамына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және талқылау бойынша жиналыс өтті.
Құрама командирінің бірінші орынбасары – штаб бастығы подполковник Мақсат Қабылбеков Президент Жолдауының негізгі бағыттары туралы баяндама жасады.
Жиналыс барысында стратегиялық құжаттың коммуналдық саланы жаңғырту, өскелең ұрпаққа қолдау көрсету, денсаулық сақтау және білім беру, халыққа әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту жөніндегі реформалары қамтитыны айтылды.
– Жоғарғы Бас Қолбасшымыз өз Жолдауында жұртшылықтың негізгі сұранысы болған мәселелерге тереңірек тоқталды. Белгілеген реформалардан, елімізде бірқатар оң өзгерістер болатынын атап өтті. Әскери қызметшілердің де өмірі мен қызметі ел тағдырынан ажырамайды. Сондықтан әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына бұл өзгерістердің тигізер септігі мол болып тұр, – деді подполковник Мақсат Қабылбеков.
Жиын соңында офицерлік және сержанттық құрамға Жолдаудың негізгі тезистеріне сәйкес, жеке құрамды, соның ішінде мерзімді қызметтегі сарбаздарды оқыту мен тәрбиелеу процесін ұйымдастыруға қатысты бірқатар тапсырмалар қойды.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі