Шымкент қаласында «Жас көшбасшылар академиясы» бастауыш мектебінде ашық есік күні өтті. 300 балаға лайықталған мектептің таныстырылымына қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.
Бастауыш мектепте
жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы ақысыз білім алады. Басқарма басшысының сөзінше, қалада үш ауысымды мектептердің азаюына жекеменшік мектептердің қосқан үлесі зор.
—Биыл Шымкент қаласында 1 сыныпқа қабылданған бала саны 28 мыңға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мың балаға артық болып отыр. Қаламызда миграция мен туу көрсетші жоғары болғандықтан біз 5 мың балаға артық боларын болжаған болатынбыз. Осындай мәселенің оң шешімін табу жолында кәсіпкерлердің үлесі зор.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 1000 мектеп салынады. Біздің қаланың үлесінде 101 мектеп бар. Оның 52-сі бюджет есебінен салынса, қалған білім мекемесі жекеменшік инвесторлардан қолдау тауып отыр. Жекеменшік мектептерде де оқыту үрдісі білім беру стандарттарына сай жүргізіледі. Бүгін ашылып отырған «Жас көшбасшылар академиясы» мектебінде де жан басына қаржылардыру жүйесі арқылы ақысыз білім алады. Ал, ұзартылған күн тобында қосымша білім алатын жағдайда ақы төлейді,- деді басқарма басшысы.
Мектепте ұзартылған күн тобы үшін 25 төсек-орын әзірленген. Одан бөлек, жабық спорт зал, кітапхана, асхана және медициналық кабинет жасақталған. Балаларды сапалы біліммен қамту үшін білікті ұстаздар жұмылдырылып отыр.
Айта кетейік, шымкент қаласында 2022-2023 оқу жылында 45 мектеп бір ауысымда, 173 мектеп 2 ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім беретін болады. 2022-2023 оқу жылдары мектеп саны 20-ға артып, 223 мектепте 242525 оқушымен 19534 педагог оқу-тәрбие жұмысын бастайды.