Шымкентте «Бастауыш сыныптағы құндылыққа бағытталған білім беру» тақырыбында қалалық тамыз кеңесі өтті. Тамыры терең, тағлымы мол, айтары айқын, мақсаты тың тақырыптарды талқыға салатын — жауапты жиыннығ мақсаты: “2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы” әдістемелік нұсқау хатпен таныстыру, білім алушылардың білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын ұсыну.
Шымкент қаласының білім басқармасы, әдістемелік орталығының “Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру” бөлімінің ұйымдастыруымен қаламыздағы N72 жалпы орта білім беретін мекемесі базасында бастауыш сынып мұғалімдеріне “Бастауыш сыныпқа бағытталған білім беру” тақырыбында ұйымдастырылды. Оған 150-ден астам педагог қатысты. Кеңесте “2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы” әдістемелік нұсқау хатпен таныстыру, білім алушылардың білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын Білім басқармасы Әдістемелік орталығының “Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру” бөлімінің бастауыш сынып әдіскері Ахаева Нуржамал Кумековна кеңінен тарқатты.
Жалпы, тәлім-тәрбие — ата-анадан, оқу мен білім — ұстаздан, ал қоғамға қызмет ету — баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағлымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар. Ілім мен ғылым — бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді болатыны жасырын емес.
Білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Адамзатқа ортақ игілік. Ендеше тамыз кеңестерінде қойылған талаптар мен жоспарланған мақсаттарға жету үшін ұстаз қауымына сәттілік тілейміз!