Үшінші мегаполисте Дінмұхаммед Қонаевты еске алу іс-шарасы өтті.
Бүгін ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, халықтың ыстық ықыласына бөленіп, мемлекетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өмірден өткеніне 29 жыл толып отыр. Осыған орай қала тұрғындары, еңбек ардагерлері, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары мен мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов шаһардағы Дінмұхаммед Қонаевтың құрметіне орнатылған ескерткішке барып, гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, заңғар тұлға жайлы естеліктер айтылып, мәслихат хатшысы арнайы сөз сөйледі.
— Өз тарихын білмеген, оны зерттеп, сабақ алмаған және болашақ ұрпағына жеткізбеген елдің болашағы бұлыңғыр дейді. Ал, тарихты жасаушы – біз, яғни халық. Біздің тарихымызда темірқазық әрі биік шың болып тұрған тұлғалардың бірі – Дінмұхаммед Қонаев атамыз. Оны бәрі біледі. Туған күнінде де, қайтыс болған күнінде де осында жиналып, тағзым етеміз. Бірақ, өкінішке қарай, осындай еске алу жиындарына көбіне Димаш атамызбен бір кезеңде, бірге қызмет етіп, көзін көрген азаматтар ғана келеді. Бұл біздің кемшілігіміз деп ойлаймын. Себебі, осылайша ұрпақтар сабақтастығы үзіліп бара жатқандай. Сондықтан біз бұл кемшілігімізді түзетуіміз керек, — деді Бахадыр Мадәліұлы өз сөзінде.
Сондай-ақ, еске алу шарасында Дінмұхаммед Ахметұлы жайында жылы естеліктер, тағылымды әңгімелер айтылды.
Айта кетейік,
Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қиын дәуірде өмір сүрді. Совет заманында Қазақстанды басқарған санаулы қазақтың басым бөлігі ұлтшыл, ұлтшылдық деген сөзді есітпей жұмыстан босамаған десе болады. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне Д.А.Қонаев ерекше үлес қосты. Сондықтан Димаш Ахметұлы Қонаевты тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаушы бір саясаткер ретінде оқулықтарда лайықты орын алуға тиіс, өнегелі өмірі жастарға насихатталуы қажет-ақ.