Шымкент қаласындағы Ұлттық теннис орталығында Конституция күніне орай жасөспірімдер арасында теннистен республикалық ашық турнир басталды. Абай ауданы әкімдігі ұйымдастырған сайыста 40-тан астам жасөспірім бақ сынап жатыр. 18 жасқа дейінгі спортшылар бақ сынасқан бәсекеге еліміздің басқа қалаларынан да теннисшілер келген. Абай ауданы әкімдігі ұйымдастырған турнирдің жүлде қоры 500 мың теңгені құрайды. Ауданда жасөспірімдер арасында теннис турнирін өткізу дәстүрге айналған. Бұл жолы сайыс Ата заң күні мерекесіне орай ұйымдастырылды.
Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов көпшілікті Конституция күнімен құттықтап, Ата заңның қадірін арттыру бағытында тағылымды іс-шаралар жалғасын табатынын атап өтті. Республикалық ашық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шарада Абай ауданы әкімдігі AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалымен бірлесе аудандағы 100 балаға мектеп формасын, қажетті кеңсе тауарларын табыс етті. Ауданда «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балалары қажетті тауарлармен қамтылуда. Қайырымдылық акцияға кәсіпкерлер, демеуші азаматтар атсалысты. Балаларының қажетті құрал жабдықтарын алған ата аналардың қуаныштарында шек жоқ. Аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға көмек қолын созу алдағы уақытта да жалғасын табады дейді әкімдіктегілер.
Айта кетсек, жуырда Қаратау ауданында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 50 баланы мектепке қажетті кеңсе тауарлары, мектеп формасымен қамтамасыз етті. Бұған дейін қайырымдылық акциясы Тассай, Асар елдімекендерінде өткен болатын.
Сонымен қатар, Еңбекші ауданына қарасты 20 отбасының балаларына мектеп формасы, спорттық форма, аяқ-киім және сөмкелер табыстады. Игі бастаманы қалалық «AMANAT» партиясы қолға алып отыр. Қайырымдылық акциясы барысында партия өкілдері мен мәслихат депутаттары әр аудан бойынша өздеріне қарасты көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажетті құрал-саймандары, сөмке, мектеп формасы сияқты заттармен қамтамасыз етуде. Игі бастама тамыздың айдың соңына дейін жалғасады. Жалпы партия мыңнан аса кішкентай шымкенттіктерді мектепке даярлауды жоспарлап отыр.