Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық ота жасау бөлмесі ашылды. Жаңадан орнатылған қондырғы арқылы диагностикалық тексерулерді өткізе отырып, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік артты.
Ота жасау бөлмесінің салтанатты ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов қатысты.
М.Әйтенов қалада денсаулық саласын дамыту жұмыстарының жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтты.
— Қаламызда соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд. теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. Ангиографиялық аппараттар 2020 жылы №2 қалалық ауруханаға, 2021 жылы Қалалық клиникалық балалар ауруханасына және Қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін арттырды. Медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп сенемін,- деді.
Мұнда бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсулть алған науқастарға жоғары жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады, құны 1 млрд.теңгеге жуық. Жүйенің ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады.
Қаланың және жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
Ал енді денсаулық сақтау саласының 2022 жылғы 6 айдағы көрсеткіштеріне назар аударсақ. Денсаулық сақтау басқармасының ведомствалық бағынысты 33 медициналық ұйымы бар. Оған 12 емхана, 15 аурухана, 6 басқа да ұйым кіреді. Олар – диагностикалық орталық, медициналық колледж, қан орталығы, ЖЖС, балалар үйі және ЖИТС орталығы. Қалада тәуліктік 4 125 төсектік орын болса, күндізгі стационар 1 959 төсектік орынмен жабдықталған. Бүгінгі таңда қалада 4 760 дәрігер қызмет етеді. 10 мың халыққа шаққанда дәрігер саны 42,1-ді құрайды. Сонымен бірге 10 мыңнан астам орта буын медицина маманы қызмет көрсетеді. Олардың үлес салмағы 10 мың халыққа шаққанда 92,8-ге тең.
Шымкент қаласының тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 4 жаңа – №14 Емдеу орталығы, «Дария Медикус», «Саби Мед» және «Турлан Медикал» деп аталатын медициналық орталықтар ашылып, 50 мың халықты медициналық қызметпен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар бір дәрігердің жүктемесі 1 616-ға дейін төмендеді.