Азат еліміздің басты құжаты саналған Ата заңымызға биыл 27 жыл. Осы уақыт аралығында ҚР Конституциясы бейбіт өмір мен берекелі тірліктің тірегіне айналды.
Бүгін мемлекеттік биліктің, экономиканың, әлеуеттің әлеуметтік жағдайының жақсарып, өзге де салалардың қалыптасуына жол ашқан айтулы мерекені шымкенттіктер айрықша атап өтті. Қала әкімдігінің ұйытқы болуымен ұлықтау дәстүріне елге белгілі зиялы қауым, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет майталмандары шақырылды. Түркістан сарайының сахнасында Ұлы Дала заңына бағынған қазақтың бейнесі – Үш бидің: Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің әділ шешім орнатқан дәуірі көрсетілді. Көк туымыз желбіреп, Елтаңба ардақталды, Әнұран шырқалды.
Жиынды құттықтау сөзімен ашқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барша қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып отырған Конституцияның қалыптасу тарихына, Ата заңымыздың елімізді өркендетудегі роліне тоқталды.
— 27 жыл қолданыста болған Ата заңымыз мемлекетімізді биік белестерге жеткізіп, елімізді беделді әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналдырды.
Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді республикалық референдумда азаматтардың басым көпшілігі қолдады.
Референдум нәтижесі саяси жаңғыру символына айналып, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміздің бекем екенін көрсетті.
Жаңартылған Конституция биліктің барлық институттары қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырып, халық пен билікті одан әрі жақындата түсетін болады,-деді М.Әйтенов.
Мерекелік шара барысында әр салаға еңбегі сіңген азаматтар марапатталып, құрметтелді. Одан соң «Алашұлы» тобы, Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары, «Қаратау» фольклорлық ансамблі, Опера және балет театрынаң симфониялық оркестрі және «Қазына» би ансамблі өнер көрсетті.